Өзбекстанда екі күнде үш бірдей отбасындағы он үш адам газдан уланып қайтыс болды. Олардың бесеуі – бала. Бұл туралы елдің бас прокуратурасы хабарлады. Қаракалпақстанның Шымбай ауданында бір үйдегі бес адам иіс тиіп көз жұмса, тағы екеуі ауыр халде ауруханаға түскен. Ферғана облысының «Обод» елдімекенінде ерлі-зайыпты мен кішкентай екі баланы да дәрігерлер ажалдан арашалап қала алмады. Олардың үйінде газбен жылытылатын қолдан жасалған темір пеш орнатылғаны белгілі болды. Арада бір күн өткенде Наманған облысындағы «Беруний» махалласында төрт адам улы газға тұншығып көз жұмған. Олардың бірі мектеп оқушысы.
Санжар Зупаров, Өзбекстан Республикасы төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары:
Тиісті стандартқа сай емес, арнайы сертификаты жоқ жылыту пештерін пайдалануға болмайды. Сондай ақ пештің мұржасы дұрыс орнатылған болуы маңызды. Жылыту құрылғыларын ұйықтайтын бөлмеге қою да аса қауіпті екенін ескертеміз.
Тексеру кезінде ақау түтін шығатын құбырда болғаны анықталды. Ал тағы бір үйде газ плитасына жалғанған резеңке құбырдан шыққан газ, бөлмеге тараған деген болжам бар. Прокуратура тиісті тергеп тексеруді бастады.
Базаркүл Отыншиева