Абай облысында ұзындығы 270 шақырымнан асатын Бақты-Аягөз бағытындағы жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов телекөпір арқылы байланысқа шығып, жобаны ресми түрде іске қосты. Ол еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға қатысты президент тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылмақ. Жаңа желіні салу барысында Қытаймен Бақты – Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр. Ауқымды жоба жеке инвестордың қатысуымен жүзеге асады. Құрылыс барысында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілер көпірі 16 салынады.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
2033 жылға қарай Қытай бағытында қосымша 20 миллион тоннаға дейін жүк көлемін тарту жоспарлануда. Бұл жобаның арқасында жүк тасымалының бір бөлігі Бақты-Аягөз теміржол желісіне және Бахты-Шәуешек халықаралық шекара бекетіне бағытталатын болады. Магистраль құрылысы 1700 адамды жұмыспен қамтитын болады.
Жалпы Бақты – Аягөз теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін ұлғайтуға, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Теміржол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Қанат Әлмағамбетов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Бұл желі арқылы Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан және басқа өңірлерден келетін тауарлар өтеді. Екі жолды желі құрылысы – бірден жеткілікті қуаттылыққа ие болады. Жалпы бұл транзиттік жүктердің қосымша ағынын ашып, жақын маңдағы аймақтарды дамытуға серпін болмақ.