Еуропада кедейлер саны күрт көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада кедейлер саны күрт көбейді

22.12.2023

Еуропада кедейлердің саны көбеюде. Статистика агенттігінің мәліметінше қазір қарт құрлықтағы әр жетінші адамның қаржылық жағдайы қиын. Инфляция деңгейі сәл түскенмен азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Сатып алу қабілеті төмендеген тұрғындар тегін тамақ тарататын қайырымдылық қорларының көмегіне жүгінуде.

Брюссельдегі тамақ тарататын орталықтардың алды таң атқаннан кеш батқанға дейін ұзын-сонар кезек. Мұнда әдетте мүгедектер, ең төменгі зейнетақы алатындар мен жұмыссыздарға көмектесетін. Енді «айлығым шайлығыма жетпейді» деп шағымданушыларға да қол ұшын беруде.

Луи Жером, азық-түлік тарату орталығының үйлестірушісі:

Азық-түлік тарату орталығымыздан көмек сұраушылардың көптігі сонша, тамақты жеткізе алмай жатырмыз. Бәріне теңдей бөлу үшін көп балалы аналарға, жарымжан жандарға тегін көмек мөлшерін азайтуға тура келді.

Орталықта ұн, макарон өнімдері, жеміс-жидек, көкөністен әр отбасыға аптасына 5 келіден тиесілі. Дүкендерде сатылмай қалған пицца, шұжық пен жарамдылық мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен торт, тәттілер де кедейлерге таратылып жатыр. Тұрмыстың тауқіметін тартқандарға тегін тамақ болса болды, сапасы маңызды емес.

Мадлен Круи, Брюссель қаласының тұрғыны:

Жағдайымыз өте қиын қазір. Жаппай қымбатшылық. Жалақымыз коммуналдық төлем төлеуден артылмайды. Үш мезгіл тамақ жеуден қалған соң, осы орталыққа жүгінуге мәжбүр болдым.

Қоймадағы қор түгесілуге жақын. Сондықтан, орталықтың еріктілері супермаркеттерден шыққан жұрттан кедейлерге қайырымдылық жасауын өтініп жүр. Халықаралық валюта қоры Еуроаймақтағы 19 мемлекеттің тең жартысы рецессияға ұшырау алдында екенін мәлімдеді. Экономикада өсім жоқ. Сондықтан, қарт құрлықта баға әрі қарай да шарықтап, кедейлер саны көбейе түседі-дейді сарапшылар.


Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу