Биыл елімізде 45 қала және аудан әкімдері тікелей халық таңдауымен сайланды. Еуразиялық интеграция институты республика аумағында әлеуметтік талдау жүргізіп, жергілікті әкімдердің сайлауын қазақстандықтардың 84 пайызы қолдады деп мәлімдеді.
Яғни,әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі Президенттің саяси реформаларына оң көзқараста екенін білдірген. Сондай-ақ, қала және аудан жұрты әкімдікке түсетін кандидаттардың сол жердің тумасы болуын маңызды фактор деп санаған. Тұрғындар еліміздің саяси жүйесіндегі өзгерістер әлі де жалғасын тауып, жаңашылдықты қалайтынын жеткізген. Сондай-ақ, елдің саяси додаларын кеңінен насихаттауда әлеуметтік желінің де рөлі артқан деп отыр мамандар.
Арман Ешмұратов, Еуразиялық интеграция институтының өкілі:
Қала және аудан әкімдерін тікелей сайлауды Қызылорда облысында халықтың 98,9 пайызы қолдаған. Бұл өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш. Одан кейін Қостанай мен Жетісу облыстары үлкен қолдау білдірген. Жалпы биыл елімізде алғаш рет өткен қала және аудан әкімдерінің сайлау нәтижесіне 69 пайыз халықтың көңілі толатынын жеткізген.
Ә. Серікұлы