Отандық авиацияның жағдайы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық авиацияның жағдайы қандай?

24.12.2023

Қазақстандағы әуежайлардың техникалық базасы 50 процентке тозған. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді. Бүгінде Қазақстан аспанында 100-ге жуық ұшақ жолаушы тасымалдайды. Олардың жағдайы қалай? Осы тұста осыдан төрт жыл бұрын Алматы маңында болған жан түршігерлік ұшақ апатын амалсыз еске аласың. Айтпақшы, оқыс жағдайға қатысты тергеу әлі де жүріп жатыр. Бұған не себеп? Неге аталған істі тергеуге шет елден мамандар тартылмақ? 

Бүгінгі таңда Қазақстанда 20-дан астам әуежай жұмыс істеп тұр. Былтыр жолаушылар ағымы 25 млн-ға жеткен. Жақсы көрсеткіш. Дегенмен, аэропорттар халықаралық талапқа сай келе ме? Көлік министрлігінің мәлімдеуінше әуежайлардың техникалық базасы 50 пайызға тозған.

Азамат Басымбек, ҚР Көлік минситрлігі азаматтық авиация комитеті басқарма басшысының міндетін атқарушы:

Нақтылай кететін болсақ заманауи әуе кемелері үшін, заманауи техника қажет. Олар: қардан тазалайтын техникалар, жанармай құятын техникалар және жүкті тасымалдайтын техника. Оларды өз уақытында жөндеп тұру керек. Кейбір әуежайларда ондай мүмкіндік болмауына және ұзақ жыл қолданылғанына байланысты тозығы жеткен техникалар.

 Кейбір отандық әуежайлардың техникалық базасы 15 жылдан бері жаңартылмаған. Сондықтан Көлік, Қаржы және Ұлттық экономика минситрліктері бірігіп, мәселені 2029 жылға дейін шешеміз деп отыр. Ол үшін әуежайларға жеңілдетілген несие берілмек. Ал, ұшақтардың қазіргі жағдайы қандай? Жолаушылар әуе кемелеріне жүрексінбей отыра ала ма?

Азамат Басымбек, ҚР Көлік минситрлігі азаматтық авиация комитеті басқарма басшысының міндетін атқарушы:

Қазіргі таңда Қазақстанда коммерциялық тасымалдауды жүзеге асыратын 96 ұшақ бар. Бізде авиация саласында жаңа ұшақ немесе ескі ұшақ, қауіпті, қауіпсіз деген термин қолданылмайды. Авиация саласында ұшуға жарамды және жарамсыз ұшақ яғни, авиациялық инспекторлер тескеру жүргізіп, сертификат береді. Сертификаты болмаған жағдайда заңнамаға сәйкес ол әуе кемелеріне Қазақстанда ұшуға тыйым салынады.

Көлік министрлігі мобильділгі төмен жолаушыларға қажетті жағдайды қамтамасыз ету үшін мүгедектер арбасын және амбулифт сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ең басты мәселе – аэропорттарға жақын жерлерге нысандар салуды, участкелердің сатылуына тыйым салатын заңнама да әзірлепті. Өйткені бұл қауіпті. Әуежай мен жақын маңдағы нысан немесе елді мекеннің арасыда 3-4 шақырым арақашықтық сақталуы тиіс. Әйтпегенде, арты қайғылы оқиғаға әкеп соғуы әбден мүмкін. 2019 жылы Алматы маңында болған авиа апат осыған дәлел.

2019 жылы 27 желтоқсан. Алматы халықаралық әуежайынан ұшпақ болған Bek Air компаниясының Fokker 100 әуе кемесі көкке көтеріліп жатып, тепе-теңдік сақтай алмай құлап, жақын жерде орналасқан үйге барып соғылды. Сол сәтте бортта 95 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Оқыс жағдайдан 12 адам қаза болды.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Ұшақ міне мен тұрған участкеде орналасқан екі қабатты үйге соғылған еді. Қазір көріп тұрғандарыңыздай баспана бұзылып, орны тегістелген. Тіпті қараусыз қалып, қамыс өсіп кеткен. Ал, көршілес орналасқан үйдің тұрғындары сол бір жан түршігерлік апаттан кейін үреймен өмір сүріп келеді.

Солардың бірі - Николай Нұрмамбетов. Ол апаттың қайталануынан қорқады, сондай-ақ баспанасыз қаламын ба деп тағы алаңдайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын жиған-тергеніне аэропорт маңында орналасқан Гүлдала ауылынан баспана алған. Қолында барлық құжаты бар, дегенмен үйінің қызыл аймақта орналасқанын біліп отыр. Әкімдік жерді мемлекетке қайтарады дегенді естіп, қынжылып жүр.

Николай Нұрмамбетов, – Гүлдала ауылының тұрғыны:

Біз жерді заңды түрде сатып алдық. Енді, участкеге заңсыз иелік еткенсіңдер деген әңгіме тарады. Мәселенің ақ-қарасын бізбен келісімшарт жасасқан мемлекеттік қызметкерерден, шенеуніктерден сұрау керек. Егер қызыл аймақ болса неге сатты? Мен баспана салу үшін 25 млн теңге ақша жұмсадым.

Аэропорт маңында 100-ге тарта үй бар. Тағы салынып жатқандары қаншама. Бұл мәселе қалай шешіледі? Әуел баста заңды деп сатылып, артынан қызыл аймақтан бір-ақ шыққан тұрғындардың баспанасы сүріле ме? Бұл әзірге белгісіз. Егер, аталған участкелер мемлекетке қайтарылып, қызыл аймақта орналасқан үй иелері өтеме алмаса қайда жүгіне алады?

Марғұлан Шыныбаев, заңгер:

Мемлекеттік акт берілген, қаулы шығарылған. Егер қаулыны заңсыз деп табатын болса онда жерге салынған үйдің құнын және жердің құнын қарапайым халыққа өтемеақы төлеуге мемлекет міндетті болып қалады. Яғни, бұл кезде әкімшілік кодекс бойынша сотқа бере аламыз.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, әлемдегі ұшақ апаттарының 40 проценті әуе кемесі көкке көтерілер шақта немесе жерге қонатын кезінде болады екен. Сондықтан аэродромның маңында нысан салуға мүлде болмайды дейді, сарапшылар. Қазақстанда Қосатанайдан басқа барлық қалаларда бұл талап сақталмаған.

Bek Air компаниясының Fokker 100 әуе кемесінің апатына келер болсақ оның нақты себебі әлі анықталып жатыр. Ал, тергеу жұмыстары төрт жылға созылды, әлі де созылатын түрі бар. Бұның себебін тәуелсіз сарапшылар былай түсіндірді.

Абул Кекілбаев, авиация саласындағы тәуелсіз сарапшы:

Тергеуді менің ойымша әдейі созып жатыр. Себебі ресми түрде Көлік минситрі былтыр өзінің нәтижелерін жариялаған. Оның ішінде бәрі нақты көрсетілген. Кезінде авикомпанияны тоқтатып, оны болдырмауға әкелген. Енді осы мәселені заңды түрде көтерсе біреу жауап тартылуы керек. Сондықтан бұл тергеуді шамасы келгенше созады.

Яғни, апат қолдан жасалған болуы мүмкін дейді, сарапшы. Өйткені сол жылдары Bek Air компаниясы елдегі жолаушылар тасымалының 15-20 процентін қамтып үлгерген еді. Әрі жол ақысы басқа тасымалдаушылармен салыстырғанда әлдейқайда төмен болған. Яғни басқа компанияларға үлкен бәсекелестік туғызған. Ал, ІІМ-нің хабарлауынша, тергеудің созылуына сот сараптамалық істердің көптігі әсер еткен. 4 жылда 154 іс қаралыпты. Қазір министрлік тергеуді толық аяқтау үшін Африкадан мамандарды шақырған.

Апатқа ұшыраған Fokker 100 ұшағы 2018 жылдың қазан айынан 2019 жылдың шілде айына дейін Сомали, Джибути, Эфиопия және Конго елдерінде қолданылған. Тергеуді толық аяқтау үшін және аталған әуе кемесін қолданысқа енгізген кезде қандай да бір техникалық ақаулары болған-болмағанын анықтау мақсатында осы елдердің мамандарын шақырттық.

Бұған дейін Fokker 100 ұшағының апатқа ұшырауына қозғалтқыш пен қанаттарының мұздауы себеп болды деген болжам айтылған еді. Дегенмен, нақты себебі қазір анықталып жатыр. Тергеуді ІІМ-ге қарайтын Көліктегі полиция департаменті жүргізіп жатыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу