Әлемдегі қақтығыстар жаһан экономикасына қалай әсер етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдегі қақтығыстар жаһан экономикасына қалай әсер етті

25.12.2023

Биылғы жыл тарих қойнауына қақтығыстар жылы ретінде еніп барады. Әлем жұртшылығы Украинадағы қарулы қақтығыстарға ғана емес, Таяу Шығыстағы шайқастарға да куә болып отыр. Жыл бойы Африкада да маза болмады. Бұл тайталастар аймақтық сипат алатын болса, жаһан экономикасы триллиондаған доллар жоғалтып, тіпті рецессияға ұшырайды деген қауіп бар. 

Израильдің көпжылдық оккупациясына наразы хамастықтар қазанның 7-де еврей мемлекетінің оңтүстігіне басып кіріп, 1200 адамды өлтіріп, 240 тұрғынды кепілге алды. Іле-шала Израиль кек алу операциясын бастап, палестиналық анклавты әлі бомбалап жатыр. Авиациялық соққылардан Газада 20 400 адам қаза тауып, 2,3 миллион тұрғынның түгелге жуығы үйлерін тастап кетті.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Израиль азаматтары, біз, Газа секторындағы соғысты күшейтіп жатырмыз. ХАМАС-ты толық жеңгенше күресті жалғастырамыз. Бұл Газаны Израильге қауіпсіз етудің жалғыз ғана жолы.

Израиль-Хамас арасындағы кикілжіңнің қарқыны Ресей-Украина әскери қақтығысын көлеңкеде қалдырды. Бірақ Таяу Шығыстағы дағдарысқа дейінгі бірнеше айда Украинаның майдан даласындағы шайқастар екі жаққа да айтарлықтай өзгеріс әкелген жоқ. Батыстан қару алып, жауынгерлерін Америка мен Еуропада дайындықтан өткізген Украина армиясының Ресей әскерінің ортасына жік салып, Азов теңізіне жету арманы орындалмады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Әрине, адамдар қайтадан жалғыз қалудан қорқады. Бірақ осыған қарамастан сіздер біздің күресетінімізді білулеріңіз керек.

Биыл қақтығыс болған үшінші ел бар. Ол - Африканың шығысындағы Судан. Мұнда генералдар арасындағы билікке талас сәуірде қанды шайқасқа ұласып, бүгінге дейін 9 мыңдай адам қаза тапты. Сонымен қатар 2023 жылы Африкада әскери төңкерістер жалғасып, шілдеде Нигерде сарбаздар бүлік шығарды. Сөйтіп, демократиялық жолмен сайланған президентті биліктен құлатты. Арада бір ай өткенде Габонда да әскерилердің екпінінен көп жыл билік еткен үкімет күйреп тынды. Соңғы үш жылда пандемия мен Украиндағы қақтығыстан әлем экономикасы 3,7 триллион доллар жоғалтқан. Кейбір сарапшылардың пайымынша, Израль-Хамас тайталасы бүкіл аймаққа тарайтын болса, мұнай бағасы 150 долларға дейін қымбаттап, дүниежүзілік жалпы ішкі өнім кеміп, жаһан экономикасы тағы 2 триллион доллар жоғалтуы мүмкін.

Хабарламаларға жазылу