Диқандардың несие өтеу мерзімі ұзартылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Диқандардың несие өтеу мерзімі ұзартылып жатыр

25.12.2023

Ауа-райының қолайсыздығынан зардап шеккен диқандардың несиені өтеу мерзімі ұзартылып жатыр. Қазіргі уақытта Аграрлық несие корпорациясы ел аумағындағы фермерлердің 35 млрд теңгеден астам төлем сомасын кейінге шегеру туралы шешім қабылдады. Соның ішінде Ақмола облысы бойынша 9 миллиардтан астам теңгенің несиесін төлеу мерзімі ұзартылды. Фермерлерге өсімпұл мен айыппұл санкциялары салынбайды. Шаруаларға көрсетіліп жатқан көмек жайлы әріптесім Ұмсындық Наурызбаева баяндайды.

Бір жарым мың гектар жерге егін еккен Азамат Әбішев биыл астықтың түсімі жылдағыдан айтарлықтай төмен, - дейді. Оған қоса, жиналған өнімнің 60 пайызының сапасы нашар. Бұған күз айларындағы толассыз жаңбыр себеп. Өйткені, су тиген бидай бірден қарайып кетеді. Кейін ол тек мал азығына жарайды. Келер жылы тұқымға да татымайды.

Азамат Әбішев, шаруа:

Орақ науқаны кезінде жиырма бір күн толассыз жаңбыр жауды. Салдарынан қаншама астық жарамсыз болып қалды. Сондай-ақ, біз биыл жаңа техникаға 58 миллион теңге, тыңайтқыш, тұқым, химия алу үшін 80 миллион теңге несие алдық. Биыл оны төлеу қиынға соқты. Сондықтан, несие өтеу мерзімін ұзарту туралы өтінім жібердік. Аграрлық несие корпорациясы оны тез уақыттта қарастырып, оң шешім қабылдады.

Былтыр Ақмола облысында астықтың орташа өнімділігі гектарына 12 центнер болса, биыл 5-6 центнерге жетер-жетпес. Салдарынан қамбаға бидай айтарлықтай аз құйылды. Бар-жоғы 3 миллион тонна. Сондықтан шығынға батқан шаруаларды қыспаққа алмау қажет, - дейді сала мамандары.

Абзал Кенжеахметов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақмола облыстық филиалының бөлім басшысы:

Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан, аграрлық несие корпорациясы тарапынан бұл ауыл шаруашылық өндірушілерге көмек ретінде биылғы төлем ақыларын келесі жылға ауыстыру жөнінде шешім қабылданды.

Мұндай көмек «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы Аграрлық несие корпорациясының «Кең дала» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Несиені төлеу мерзімін ұзарту бойынша өтінімдер әлі де қабылданады.


Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу