Жыл сайын 200-ден аса жұмысшы өндірісте қайтыс болады – Әлихан Смайылов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл сайын 200-ден аса жұмысшы өндірісте қайтыс болады – Әлихан Смайылов

26.12.2023

Елімізде жыл сайын 2 мыңға жуық жұмысшы өндірісте жарақат алады. Оның 200-ден астамы мерт болады. Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында осылай деді. Тау-кен және энергетика саласындағы жұмысшылардың қауіпсіздігі енді қалай қорғалмақ? Аялдама маңында тұрған 3 адамды қағып кеткен автобус жүргізушісіне қатысты министр не деді? Үкімет отырысына қатысқан Айя Мүтәлі жеткізеді.

Елімізде жарты млн-нан астам адам қауіпті өндіріс ошақтарында еңбек етеді. Ал қажетті талаптың сақталмауынан өнеркәсіпте жарақат алушылар жылдан-жылға көбейіп жатыр. Мәселен, «Қазақмыс» компаниясында жазатайым оқиғалар былтырғыға қарағанда 3 есе өскен. Бұрынғы «АрселорМиттал» компаниясында соңы адам өлімімен аяқталған жағдайлар 7 есе артқан. Ал елімізде кәсіпорындардың үштен екісі өз жұмысшыларын сақтандырмайды дейді министр.

Светлана Жақыпова,  ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Өндірістік жарақаттанудың себептерінің бірі –білікті кадрлардың тапшылығы, оқу орталықтарының оқыту сапасы үшін жауапкершіліктің болмауы. Өткен жылда аталған мәселелер 20 пайыз жазатайым оқиғалардың себебі болған.

Мәселені шешу үшін Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын мақұлдады. Құжат ең алдымен, еңбек жағдайындағы қауіп-қатерлерді төмендетуге бағытталған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Барлық тәуекелдер алдын-ала ескерілетін болады. Өндірістегі қауіпсіздік саласын цифрландыру осы мәселелерді шешуге ықпал етуі тиіс. Тұжырымдама еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруы керек.

Светлана Жақыпова бірнеше адамды қағып кеткен автобус жүргізушісіне де қатысты пікір білдірді. Жұмыс беруші қызметкерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс еді дейді министр.

Светлана Жақыпова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Әрине, бұл трагедия. Жұмыс беруші жұмыс аймағын, жолаушыларды жүргізушіден тікелей бөлуді қамтамасыз етуі керек. + Егер жұмыс беруші қызметкерлерді сақтандырған болса, онда, әрине, оған тиісті төлем берілуі керек.

Айя Мүтәлі, тілші:

Ал қауіпті өндіріс орындарында жұмыс істейтіндер келесі жылдан бастап әлеуметтік төлем алады. Бұл металлургия, энергетика, тау-кен секторындағы жұмысшыларға қатысты. Төлемақы 55 жастан зейнетке шыққанға дейін 200 мың теңге көлемінде беріліп отырады. Оны 33 мыңға жуық кенші алады.


Хабарламаларға жазылу