Енді несие қарызын өндіріп алушылар борышкердің шотындағы бүкіл қаражатты сыпырып алу құқығынан айырылуы мүмкін. Яғни, борышкердің күн көруіне ақша қалуы тиіс. Сондай-ақ, қарыз алушының кепілдікке қойған мүлкін банктегілер арзанға сата алмайды. Осындай шектеу енгізу қарастырылуда. Бүгін Мәжілісте қарыз алушылардың құқықтарын қорғайтын заң жобасы таныстырылды. Құжатқа қандай ұсыныстар енгізілгенін Самал Қабышева рет-ретімен баяндайды.
Самал Қабышева, тілші:
Енді несиесін 90 күннен бері төлей алмай жүргендердің қарызына қосымша сыйақы есептеуге тыйым салынуы мүмкін. Яғни, банктегілер онсыз да қарызға батып, ақшасын төлей алмай жүрген адамды одан сайын тығырыққа тіреу құқығынан айырылады. Өтелмеген несиені коллекторларға сатуға шектеу енгізілмек. Сондай-ақ депутаттар банктер мен шағын қаржы ұйымдарының шарықтаған пайыздық үстемақысын төмендетуге де күш салуда.
Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:
Біз енді кем дегенде 42 пайыз деп отырмыз. Төменге түсіру керек. 56 пайыздан 42-ге түссе көп көмек болатын еді. Және де микроқаржы ұйымдарының үлкен 339 пайызды тоже төмен түсіру керек. Егер пайыздары төмен түсетін болса, қарыз алушылардың қарызды қайтаруға қабілеті жоғарлайды деген сөз.
Самал Қабышева, тілші:
Бұдан былай банктегілер кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды жылу беру маусымында жалғыз баспанасынан шығару құқығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, кепілдікте тұрған мүлікті арзанға сатуға тыйым салу қарастырылып жатыр. Яғни, кепілдегі зат өз құнының кемінде 70 пайызын сақтап қалуы керек. Сонымен қатар, борышкердің шотындағы қаржысын толықтай сыпырып алуға заңмен тыйым салынбақ.
Мәди Такиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Кредиттер бойынша берешекті өндіріп алу процесінде қарыз алушыларды қолдау үшін заң жобасында қарыз алушының банктік шотында сақталатын ақша сомасын ең төменгі күнкөріс деңгейінің бірден екі еселенген мөлшерге дейін ұлғайту көзделеді. 81 мың теңге.
Самал Қабышева, тілші:
Яғни, қарыз өндірушілер борышкердің өмір сүруіне 81 мың теңге қалдыруға міндеттелуі мүмкін. Бұдан бөлек, кірісі жоқтарға кредит берілмейді. Берілсе, тек табысына қарай несие қарастырылады.