Алматыдағы автобус апаты болған жерде, жолаушылар қауіпсіздігі күшейтіледі. Нақтырақ айтсақ көліктен түсіп - мінетіндерге арнайы жолақ салынады. Сондай-ақ, жүргізушісі оқшауланбаған қоғамдық көліктердің орнына, жаңасы алынбақ. Бұл туралы қалалық мобилділік басқармасы мәлімдеді. Ал жантүршігерлік апаттың салдарынан қаза тапқан үш адамның екеуі ерлі-зайыпты. Олар Қарасай ауданына қарасты Көксай ауылының орта мектебінде жұмыс істеген. Отағасы Талап Қосымов, директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары болса, жары Гүлжахан Жетпісбаева қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген. Апат болған күні екеуі жұмыстан бірге шығып, Қалқаман аялдамасы арқылы үйлеріне қайтпақ болған.
Гүлназ Бегазова, М.Мәметова атындағы орта мектептің директоры:
Елдің бәрі ол кісілерге қызыға қарайтын. Екеуі бірге жүретін. Қол ұстасып осыннан шығып кететін. Сондай биязы жандар болды. Өте жауапкершілігі мол. Ата-аналарға дейін бәрі «қандай кермет мұғалім еді» деп ұл-қыздарымыз айтып жатыр деп. Бәрінің қабырғалары қайысып бізбен бірге.
Мектеп директорына жол апаты болған күннің ертеңінде марқұмдардың ұлы хабарласып, ата-анасының үйге әлі оралмағанын айтқан. Көп ұзамай суыт хабар естігендерін жеткізді. Марқұмдардың артында екі ұл, екі қыз қалған. Кенжесі небәрі 5 жаста. Айта кетейін, 22-желтоқсан күні Алматыда жүріп келе жатқан автобустың жүргізушісін жолаушысы соққыға жықты. Жүргізуші есінен танып, қоғамдық көлік жолындағы жайпап, үш адам мерт болған еді.
Қуан Нұрақын