Шымкенттегі жаңажылдық шырша ұлттық реңкте безендірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттегі жаңажылдық шырша ұлттық реңкте безендірілді

28.12.2023

Жаңа жылдық ойыншықтардың орнына ләңгі мен асық, шуатылған жылтырақтардың орнына асадал мен сандық. Шымкент қаласында тұратын Бейісбековтер отбасы жаңа жылдық шыршаны ұлттық реңкте безендіріп, көпке үлге болды.

Бәйкен бір апатадан бері шыршаға арнап, түрлі бұйымдар жасауда. Жүнді алдымен шиыршықтап ойға алған бейнесінің пішін шығарып алған соң иненің көмегімен айшықтап, бедерлеуге кіріседі. Қазірге дейін осындай 6-7 ойыншық жасап тастады.

Бәйкен Бейісбеков, оқушы:

Бұл ойыншықтарды үйде бауырларыммен жабылып істейміз. Оны маған анам үйреткен, ал мен інілеріме үйреттім. Бұл ойыншықтарды шыршаға ілеміз.
Мұндай жаңашылдық туралы Бәйкен мен өзге де немерелеріне аталары ой салған. Үйдегі биіктігі 4 метр болатын шыршада төрт түліктің бейнелері, ұлттық киімдегі ақсақал мен бойжеткен, асық пен ләңгі, кебеже, асадал секілді қазақы бұйымдар ілінген. Ал кішкентай сандықтың ішіне жаңажылдық сый мен тәттілер жасырылған.

Болатбек Бейісбеков, қолөнер шебері:

Кебежені қойдық асымыз мол болсын деп, сандығымызды қойдық қазынамыз толы болсын деп, төсекағашымызды қойдық жақсы қонақ келе берсін деп. Өйткені қонақ ырысымен келеді. Асадалымызды қойдық, ыдыс-аяқ сыңғырламай үйде жақсылық болсын деп.
Қолөнердің сан түрін меңгерген бұл отбасы Жаңа жыл мерекесінде шыршаны айнала ән салып, қымыз толы кесемен бір-біріне ізгі тілек арнайды. Кішкентайлар тақпақ айтып, ләңгі тебеді. Асық ойнайды.


Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу