Биыл 22 мыңнан астам адам түрлі оқиғадан құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 22 мыңнан астам адам түрлі оқиғадан құтқарылды

29.12.2023

Елімізде қылмыспен күрес бойынша кешенді шаралар күшейтілді. Биыл қылмыс деңгейі 12 пайызға төмендеген. 1400 ұйымдасқан қылмыстық топтың заңға қайшы әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 1 млн астам бейнекамера орнатылған. Олардың көмегімен полицейлер 9 200  қылмыстың бетін ашып, 513 000 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

Бір жыл ішінде 70-тен астам ұйымдасқан қылмыстық топ және 9 трансұлттық қылмыстық топ жойылды. 75 жасырын есірткі зертханасына тосқауыл қойылды. Есірткіге байланысты 6000-нан астам, алаяқтық сипаты бар 20 000-нан астам заңсыз интернет ресурстары бұғатталды. Бүгінде 9 млн астам құқық бұзушылық анықталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 млн астам.

Биыл 22 мыңнан астам адам түрлі оқиғадан құтқарылды

Төтенше жағдай қызметкерлері үшін де биыл сынағы көп сындарлы жыл болды. Еліміз бойынша құтқару бөлімшелері 76 000-нан аса апаттық-құтқару шараларына шықты. Оқыс оқиғаға тап болған 22 000-нан астам адам құтқарылды. 5 000-ға жуық азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ биыл жазда сел тасқынынан қорғайтын «Аюсай» бөгеті пайдалануға берілді. Ірі жоба 500 000-нан астам халық пен 2 000 жуық нысанның табиғат апатынан қорғалуын қамтамасыз етеді.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Биыл 6 өрт сөндіру депосының, су-құтқару станциясының құрылыстары аяқталды. Екі жүз елуден астам өрт сөндіру және арнайы техника, 2000 жуық түрлі құтқару жабдықтары, 2 тікұшақ пен 70-тен астам пилотсыз ұшу аппараттары сатып алынды. Жалақы көтеру, тұрақты дайындығы үшін үстемеақылар мен қосымша ақылар төлеу мәселесі шешелді.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу