Елімізде ең төменгі жалақы мөлшері мен әлеуметтік төлемдердің барлық түрі өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде ең төменгі жалақы мөлшері мен әлеуметтік төлемдердің барлық түрі өсті

03.01.2024

Елімізде ең төменгі жалақы мөлшері мен әлеуметтік төлемдердің барлық түрі өсті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төмен жалақы 70 000 теңгеден 85 000 теңгеге көтерілді. Бұл туралы еңбек министрлігі хабарлады. Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы ресми іске қосылды. 1 ақпанда 18-ге толмаған балалардың бәріне бірдей мөлшерде ақша аударыла бастайды. Аида Ахметбек рет-ретімен баяндап берсін.

Биыл зейнетақы да өсті. Енді бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 130 414 теңге. Ал базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 28 215 теңгеге, ең жоғары мөлшері 45 578 теңгеге көтерілді. Бұдан бөлек, 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар өсті:

ЖӘРДЕМАҚЫ МӨЛШЕРІ

 1, 2, 3 баласы бар әйелдерге жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін,

 4 және одан да көп баласы бар әйелдерге жәрдемақы 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін;

 4 баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақы 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін;

10 баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақы 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін өсті.

Марфуға Смағұлова - еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің басқарма басшысы:

Тағы да бір жәрдемақы түрі, бұл I топтағы мүгедектігі бар азаматтар. Олардың былтырғы жәрдемақысы 89 248 теңге болса, ол 95 496 теңгеге дейін көтерілді. II топтағы мүгедектігі бар азаматтардың жәрдемақы мөлшері - 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топ – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін көтерілді. 3-20

Биылғы жылдың тағы бір өзгерісі, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы ресми түрде іске қосылды. 1 ақпанда 18 ге толмаған балалардың бәріне бірдей мөлшерде ақша аударыла бастайды.

Дархан Берікұлы, бюджеттік кредиттеу департаменті директорының орынбасары:

18-ге толғанға дейінгі балаларға нысаналы талаптар ретінде шоттар ашылып, әр жыл сайын есептеліп отырады, 18-жасқа толғаннан кейін балалардың өз құқықтары пайда болады. Жиналған қаражатты білім беру ұйымына аударуға, оқу қызметін төлеу үшін немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалануға болады.

Жобаға қосылу үшін Egov.kz платформасында балаңыз жайлы ақпарат болуы тиіс. Егер мәлімет табылмаса, дереккөздерді платформаға енгізу үшін, egov.kz-ке кіріп, «Баланы қосу» деген батырманы басуыңыз керек. Сол жерге баланың ЖСН нөмірін енгізу арқылы тіркеуге болады. Ал тіркеу кезінде ақпарат шықпай жатса, «Түзету» батырмасына өтіп, өз құжатыңызды, балаларыңыздың туу туралы куәлігін енгізу керек.

Аида Ахметбек, тілші:

Ұлттық қор – балаларға» жобасына ата-аналар ешқандай құжат жинамайды. Жобаға 18 жасқа дейінгі барлық бала қатысады. Баланың шотына түскен ақшаны электронды үкімет және Бірыңғай жинақтаушы қорының порталдарынан тексеруге болады.

Хабарламаларға жазылу