Елімізде Еурохаттама жаңа сақтандыру қызметі іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде Еурохаттама жаңа сақтандыру қызметі іске қосылды

05.01.2024

Елімізде жыл басынан Еурохаттама жаңа сақтандыру қызметі іске қосылды. Енді ұсақ жол апаттарын онлайн рәсімдеуге, яғни полиция шақырмай-ақ шешуге болады. Қазір жүргізушілер мұндай жағдайда өзара келісіп, шығынды кінәлі тарап өз қалтасынан төлеп жүр. Жаңа талапқа сай мұндай жағдайда сақтандыру компаниясынан өтемақы алуға болады. Ол үшін ұялы телефоныңызға «Еурохаттама» мобильді қосымшасы болса болғаны. Осы арқылы кез-келген жеке және заңды тұлғалар сақтандыруды онлайн рәсімдейді. Мамандар бұл әдеттегіден тиімді, әрі жылдам екенін айтады.

Олжас Әшкеев, «Сақтандыру Төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ төрағасының орынбасары:

Тіркеуден өткен соң декларация сауалнамасы протокол бойын жүктелген ақпарат қосымшаның ішінде толтырылған ақпаратпен сәйкестігі тексеріліп, сақтандыру ұйымына жіберіледі. Орташа есеппен алты күн кетеді. Егер стандартты жолмен жол-көлік оқиғасын рәсімдейтін болсаңыз, ол 90 күнге созылады. 
Айта кетейік, мобильді қосымша арқылы берілетін өтемақы мөлшері шектеулі. Сақтандыру сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 369 мың теңгеден аспауы керек. Еурохаттама адамның өмірі мен денсаулығына зиян келмеуі және апат салдарынан тек көлік құралдары ғана зақымданған жағдайда ғана рәсімделеді. Сондай-ақ, екі жүргізушінің де міндетті автосақтандыру полистері болуы шарт. Егер бірінің қосымшасы болмаса немесе интернет ұстамайтын жерде болса, сақтандыру компаниясына хабарласа алады. Бұл бастамы көлік жүргізушілерінің дені қолдап отыр.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу