Түркістан облысында көпбалалы отбасы саны жыл өткен сайын көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында көпбалалы отбасы саны жыл өткен сайын көбейіп келеді

08.01.2024

Түркістан облысында көпбалалы отбасы саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Қазірдің өзінде өңірде 183 мыңнан аса көпбалалы ана бар болса, олардың 60 мыңнан астамы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері. Мамандар демографиялық ахуалдың жақсара түсуіне мемлекеттің қамқорлығы мен халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы себеп, - дейді. 

Келес ауданының Бірінші мамыр ауылында тұратын Көштаевтар әулетінің отбасылық құндылыққа деген көзқарасын көпшілік үлгі етеді. Ақылбек ақсақал мен Идоят апа 42 жыл отандасып, бүгінде жеті перзентінен 21 немере сүйіп отыр. Бес келіні де көпбалалы ана атанған.
Ұл-қыздарын ұлағаттылыққа баулыған шаңырақтағы татулықтың негізі төзімділікте, дейді әулеттің отанасы. Шаңырақтың шаттығы мен бақыты әкенің мысы мен ананың мейірімінен құралатынын айтады.

Идоят Сыдыққызы, «Алтын Алқа» иегері:

Мен өзім көпбалалы болғанды жақсы көретін едім. Аллаға шүкір, олар менің бақытым. Барлығы бір бір үй болды. Әрқайсысында өздерінің перзенттері, балалы болып жатыр. Шағалы болып жатыр. Әрбір перзенттерім, немерелерім дүниеге келген сайын мен қуанамын.
Келес ауданындағы аналардың басым көпшілігі бүгінде көпбалалы болуға ден қойған. Әрбір отбасында кемінде төрт-бес баладан бар. Мамандар мұны еліміздегі тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатының жақсарғанымен байланыстырады.

Гүлнұр Құралбаева, Келес аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

Келес ауданының халқының санының өскенін байқаймыз осы бес жылдықта. Көпбалалы аналардың саны 13197-ні құрайды. Оның ішінде «Алтын алқа» игері аналарымыз 1678, "Күміс алқа" иегері 3547-ні құрайды.
Айта кетейік өңірде өткен жылы көпбалалы аналардың саны 145 мың болса, биыл олардың қатары 38 мың анамен толыққан. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері әсіресе Жетісай, Сарыағаш пен Сайрам аудандарында көп тіркеліп отыр.

Айнұр Әбілқасықызы

Хабарламаларға жазылу