Қайырымдылық, ұтыс ойындары: Блогерлердің мобильді аударымдары бақылауға алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайырымдылық, ұтыс ойындары: Блогерлердің мобильді аударымдары бақылауға алынады

09.01.2024

Әлеуметтік желіде ұтыс ойындарын ойнатып, қайырымдылыққа қаражат жинайтын блогерлердің мобильді аударымдары бақылауға алынады. Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов әр түрлі адамнан 100-ден астам төлем түссе, жиналған ақшаның қандай мақсатта жұмсалғаны жан-жақты тексерілетінін айтты. Ал такси жүргізушілері мен шағын кәсіп иелері нені білу керек? 

«Мобильді аударымдар бақылауға алынады» дегені сол еді жаңа жылдан бастап жұрт қағаз ақша іздеп банкоматты торуылдап жүр. «Алыс-берісіміз 100 аударымнан асып кетеді» деп секемденген кішігірім кәсіп иелері де онлайн ақша қабылдаудан бас тартқан. Енді бірі «қолма-қол төлем жасасаң, жеңілдік береміз» деп қызықтыруға көшіпті.

Қаржы министрлігі такси қызметі қалай да жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет деп отыр. Әрі 1 пайыз мөлшерде салық төлеуі тиіс. Дегенмен, ақша аударымдары шектен тыс көп болса да бас салып тексеріс жүргізбейміз дейді Қаржы министрлігі.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:

Егер азаматтың ақша аударымы тиісті талаптан асып кетсе, біз оған бірден тексеріс жүргізіп, айыппұл салмаймыз. Әуелі мәліметтерді Салық органдарына хабарландыру жібереміз. Олар қосымша есепті берсе, ол азамат салық төлеуші ретінде есепке тұруы тиіс. Яғни, біз декларация тапсыруға мүмкіндік беріп отырмыз.

Тұрғындар салық төлемдеріне қатысты қосымша сұрақтарын телеграм чат арқылы біледі алады. Министрлік жалпыға ортақ декларацияны түсіндіруге және мобильді аудармаларды бақылауға арналған арнайы канал ашылғанын хабарлады.

Айя Мүтәлі, тілші:

Әлеуметтік желі арқылы қайырымдылыққа ақша жинайтындардың да мобильді аударымдары тексеріледі. Егер 100-ден аса аударымның қайдан түскенін, жиналған соманың мұқтаж жанның шотына аударылғанын дәлелдесе, ешқандай сұрақ туындамайды. Себебі, қайырымдылық шаралары үшін салық көзделмеген. Ал кәсіпкерлік немесе жарнама жасаумен айналысатын блогерлер салық төлеуге міндетті.


Хабарламаларға жазылу