Әлемнің бірқатар елінде коронавирус пен тұмау тарап жатыр. Италия респираторлық аурулар мен ковид жұқтыру фактілерінің рекордтық деңгейге жеткенін мәлімдесе, Португалия тұмау эпидемиясын бастан кешіп жатқанын мойындады. Испания ауруханаларында маска тағу тағы міндеттелді. АҚШ-тың бірнеше штатында тұрғындарға бетперде кию жүктелді.
"Қарт құрлықта" коронавирус пен тұмау тарап жатыр. Еуропадағы аурулардың алдын алу және бақылау орталығы тұрғындарға науқастанған жағдайда, үйде қалуға кеңес берді. Аймақтық ұйым көпшілік жиналған жерлер мен денсаулық сақтау мекемелерінде маска тағу мәселесін қарастырып жатыр. Мәселен Испанияның Каталония, Валенсия сияқты бес провинциясының ауруханалары мен клиникаларына бетпердесіз кіруге тыйым салынған. Денсаулық сақтау министрлігі бұл ережені күллі ел аумағына енгізуі мүмкін.
Джоан Курти, Барселона тұрғыны:
Ашық ауада маска тағып жүру міндетті емес. Ал қоғамдық көліктерде, басқа да қоғамдық орындарда міндетті түрде бетперде тағу керек. Осылайша өзімізді және өзгелерді вирустан қорғай аламыз.
Маска тағу міндеттеле бастады
Коронавирус пен маусымдық аурулар әлемнің өзге бөліктерінде де өршіп, АҚШ-тың төрт штаты халықты маска тағуға міндеттеп отыр. Бұл ереже Нью-Йорк, Массачусетс, Иллинойс және Калифорния штаттарындағы медициналық мекемелерде енгзіліді. Бір апта бұрынғы мәліметке сай, Құрама Штаттарда 35 мың адам коронавирус жұқтырып, ауруханаға түскен. Бұл алдыңғы аптаға қарағанда 20 пайыз көп.
Әлем елдеріне қайта маска тағу туралы кеңес берілді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдерінде коронавирус жұқтыру оқиғалары мен респираторлық аурулардың көбеюіне алаңдаулы. Осыған байланысты ұйым адамдарды бетперде тағуға және ковидке қарсы екпе салуға үндеді. Бұған қоса, аталған вирусты анықтайтын тест жасау және медициналық көмекке жүгіну туралы кеңес берді. Желтоқсанның соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем бойынша коронавирус жұқтыру дерегі оның алдындағы айға қарағанда 52 пайызға өскенін мәлімдеген еді.
Арай Төлегенқызы