Қарағандыда сот шешімімен жаңадан салынған тұрғын үй кешенін қайта бұзуы мүмкін. Себебі оның заңды рұқсат құжаты болмай шықты. Ал мердігер компания болса төленген қаражат үлескерлерге қайтарылмайды деп отыр. Осылайша 293 салымшының ақшасы желге ұшпақ. Солардың бірі – Сәуле Әбуова. Ол үш бөлмелі пәтердің 50 пайыз ақшасын төлеп қойған.
Сәуле Әбуова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
Пәтерімді саттым, осы птәерге 14 миллионымды салдым. Одан тыс 10 миллион теңгеге ремонт жасадым. Адамдар қазір тұрып жатыр. Бұл үй 99 пайыз 10 этажы дайын тұр. Неге қайта бұзады? Әкімдік қайда қарады? ГАСК қайда қарады? ГАСК неге өз шешімін өзгерткенін мен түсінбедім.
Наразылық білдіріп жиналған жұртпен қала басшылары кездесті. 10 қабатты үйдің құрылыс-монтаж жұмысы осыдан 2 жыл бұрын еш рұқсатсыз басталған. Ол үшін прокуратура компанияға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Сот шешімімен әкімшілік жазаға да тартылған болатын. Алайда компания қателікті түзеуге еш асықпаған. Тұрғын үй қарқынды салынып жатқан соң жұрт алаңсыз келісім шарт жасасып, жартылай ақшасын да төлеп қойған. Кейін бітуге жақындаған соң кейбірі үйіне кіріп тұрып та жатыр. Алайда сот шешімінен соң төбелерінен жай түскендей болған. Жергілікті билік өкілдері болса тұрғын үй бұзылмайды - деп отыр.
Қайрат Қамзин, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары:
Үй салынған жердің пайдалану мақсаты басқа болған. Енді оған жобалау құжатын жасау үшін жұмыстар істеліп жатыр. Құрылыстың сметалық құжатын қазір компания дайындап қойды. Мемлекеттік сараптамадан өтуі керек. Барлық рұқсат құжаттары ақпан айының ортасында беріледі. Себебі бұл 5 қабаттан биік үй болғандықтан оның сараптамасына 45 жұмыс күні кетеді.
Руслан Нұрланұлы