Тұрғын үй түйткілі: Заңға түзетулер енгізілуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғын үй түйткілі: Заңға түзетулер енгізілуі мүмкін

10.01.2024

Енді ел азаматтары құрылыс компаниясымен әлі салынып бітпеген үйді алдын-ала сатып алу туралы келісім шарт жасай алмауы мүмкін. Үкімет үлескерлердің мәселесін біржолата осылай шешуге болатынын мәлімдеген еді. Қазір Мәжілісте қаралып жатқан заңнамаға көпшіліктің пікір қандай, сарапшылар не дейді? Әйгерім Ердәулет айтсын.

Жыл сайын мыңдаған салымшылар қолындағы бар қаражатын құрылыс компаниясына салып, сан соғып жатады. Қазір елімізде үлескерлікпен басталған 44 нысан проблемалы құрылысқа айналып, бітпей тұр. ГРАФИКА: Көбі Астанада, 16 тұрғын үй аяқсыз қалған. Баспанасына кіре алмай жүргендердің ішінде Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары да бар. Ал әлі салынып бітпеген үйді саудаға шығаратын компанияларға тосқауыл қою қажет пе?,- деген сауалға ел азаматтарының пікірі әр түрлі.

Салымшылар іргетасы енді қаланатын пәтерді компания төмен бағамен ұсынғандықтан, алдын-ала 20 пайыздан бастап қаражат құйып брондап қоятыны белгілі. Дәл осы жерде компаниялар 7 жыл бұрын қабылданған «үлескерлік құрылыс» туралы заңды белшеден басып келген,-дейді сарапшы Айбар Олжай. Өйткені, олардың үлескерлерді тарту үшін міндетті түрде мемлекеттік сақтандыруы болуы қажет. Ал мұндай кепілдік тек қаржылық жағдайы тұрақты, кіріс пен шығындарды ашық көрсетін компанияларға беріледі.

Айбар Олжай, сарапшы:

Көптеген құрылыс компаниялары осы заңның аясында жұмыс істемей үлескерлерден ақша тарту мақсатында олармен брондау,+бірлесіп инвестициялау сияқты келісім шарттың түрлерін ойлап тапты. +Бірақ қазір осы заңның сақталмауы бізге үлкен тәуекел тудыруда. Сондықтан Үкіметтің шешімі өз уақытында келіп отыр. Өйткені, көптеген алданған үлескердің қатары қайтадан пайда бола бастады. Алданған үлескерлер мемлекеттің қаржылық жағдайына салмақ салады.

Иә, уәдесін орындамаған құрылыс компанияларының бастаған ісін мемлекет аяқтауға мәжбүр болып жатады. Мәселен, осы уақытқа дейін бір ғана Астанада 120 тұрғын үй кешеніне қаражат құйған 14 мың үлескердің далада қалмауы үшін мемлекетен қосымша қаражат бөлінген. Егер құрылысы бітпеген үйді алдын-ала сатып алу келісім шартын жасауға тыйым салынатын болса, нарық құбылып, біраз құрылыс компаниялары да жұмысын тоқтататыны сөзсіз дейді, - кұрылысшылар одағының төрағасы.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

Әрине, айналымы төмендейді. Өйткені, көп мекемелер нарықтан шығады. Әсіресе тәжірибесі аз, капиталы қалыптаспаған мекемелер нарықтан шығады. Саны азайғаннан кейін баға көтеріледі, 20 пайыз құрылыс мекемелері нарықтан кетеді, баға 10-15 пайызға көтеріледі кем дегенде.

Бағаның құбылуы тікелей нарыққа байланысты болғандықтан, Үкіметтің қандай шара қабылдайтыны әзірге белгісіз.

Айта кетейік, биылдан бастап құрылыс компанияларына инженерлік желілер мен абаттандыру жұмыстарын аяқтамай тапсыруға тыйым салынып отыр. Айтпақшы, 3 жылдың ішінде заңсыз құрылыс бастаған компаниялардың үстінен бас-аяғы 309 іс қозғалған.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу