Риддер қаласы сусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Риддер қаласы сусыз қалды

12.01.2024

Шығыстағы 55 мыңнан аса тұрғыны бар Риддер қаласы сусыз қалды. Шаһар тіршілік нәрін алып отырған Громотуха өзеніне қар көшкіні түскен. Салдарынан жергілікті гидро-электр стансасына келетін судың мөлшері мүлде азайып кетті. Өңірдегі тілшіміз Олжас Керейхан осы Риддер қаласына жетіп, бізбен тікелей байланысқа қосылды.

Олжас Керейхан, тілші:

Қаладағы кейбір шағын аудандарда кешеден бері су мүлде жоқ. Ал орталықтағы көпқабатты үйлер мен жекелеген нысандарда бар. Оның өзінде қысым өте төмен. Жалпы Риддерге су қала сыртындағы гидро-электр арқылы жеткізіледі. Алайда, Громотуха өзеніне түскен қар көшкіні судың жолын бөгеп тастаған. Кешеден бері өзен арнасын коммуналдық мекеме мамандары сумен шайып жатыр. Ал қар көшкіні 45 шақырым алыста құлағандықтан, қалың қардан оған бару мүмкін емес. Қала мүлде сусыз қалмас үшін кешеден бері осы салаға жауапты мамандар жерасты арқылы берілетін су тоспасын іске қосуға әрекеттеніп жатыр. Бірақ ол қанша уақыт алатыны белгісіз. Ал бүгін Риддердегі орта мектептерде сабақ онлайн форматқа ауыстырылды.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу