Өзбекстандағы балалардың улануы: Сот қайта жалғасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстандағы балалардың улануы: Сот қайта жалғасты

12.01.2024

Өзбекстанда көптеген баланың өліміне себеп болған «Док-1 Макс» препараты төңірегіндегі даулы іс жаңа деректермен толықты. Көз жұмған бүлдіршін саны 68-ге жеткен. 16 бала осы дәріні ішкен соң мүгедек болып қалған. Тағы екі айыпталушы тергеліп жатыр. Базаркүл Отыншиева тарқатады.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Балалардың жаппай дәріден уланып қайтыс болу дерегі бойынша өтіп жатқан сот процесі уақытша тоқтаған. Бір айдан астам үзілістен соң қайта жалғасты. Істі Ташкент қалалық соты қарап жатыр. Бұған дейін қылмыстық іске куәгер ретінде тартылған тағы бір адам күдікке ілініп қамауға алынған еді. Содан бері қосымша тергеу жүргізілді. Еске салайық, 2022 жылдың соңында «Док-1 Макс» деп аталатын жөтелге қарсы сиропты ішкен соң көрші елде 65 бала көз жұмған еді. Бұл оқиға бүкіл елді алаңдатты. Ал жаңа деректерге сай қайтыс болған жеткіншектер саны 68 екені хабарланды. Сотқа тартылғандар 21 адам болса, енді олардың қатарына тағы екі адам қосылып, 23 ке жетті. Айта кетейік, Үндістанда өндірілген «Док-1 Макс» сұйық дәрісін Өзбекстанға жеткізіп, таратуға қатысы бар деп айыпталғандар арасында фармацевтика саласына жауапты шенеуніктер де бар. Даулы іс өткен жылдың тамыз айынан бері сотта қаралып жатыр.


Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу