«Қазақ әдебиеті» газеті заман ағымына сай икемделеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақ әдебиеті» газеті заман ағымына сай икемделеді

13.01.2024

Елімізде 24 республикалық балалар басылымы бар. Оның төртеуін мемлекет қаржыландырады. Бүгін басылым өкілдері Алматыда бас қосып, мәселе көтерді. Олардың сөзінше, қазір газет-журналдардың таралымы аз, мектеп оқушыларының оқуға құлшынысы жоқ. Жиынға жауапты министрлік басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Шара «Қазақ әдебиетінің» 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Қиын-қыстау кезеңде жарық көрген «Қазақ әдебиеті» биыл 90 жылды артта қалдырды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева басылымның қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. Министрдің сөзінше, газет ұлт қамына өлшеусіз үлес қосып келеді.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Тек қана әдебиет мәселесінің жақсы жаңалықтары емес, көкейкесті мәселелерін де көтеріп, оның шешілуіне үлкен үлестерін қосып келе жатыр. Әр апта сайын қызыға оқимыз. Көтерілген мазмұнды мақалалар мен жақсы сұқбаттардың барлығы ары қарай жалғасын тауып, газетіміз осындай мерейлі тойларын атқара береді дегеніне сенімдімін.

Басылымның бас редакторы газет «ұрпаққа қандай мұра қалдыра аламыз» деген үлкен идеяның арқасында шыққанын айтады. Аға буын қалыптастырып кеткен үрдісті ары қарай жалғастыру, заман ағымына сай икемдеу, міндетіміз, - дейді.

Дәурен Қуат, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы:

 90-ға келдік деп тоқырамаймыз немесе осымен тоқтамаймыз. Мына бүгінгі жаңа заманға, бүгінгі жаңа медиаға жалғасуымыз керек. Солармен бар мүмкіндікті пайдаланып жұмыс жасау керек деп ойлаймын. «Қазақ әдебиеті» газетінің өзінің жанында қазір сайты бар. Үлкен портал ашылады. Газеттегі бай контентті, бай мазмұнды енді біз порталдан көрсеткіміз келеді.

Балалар басылымдарына қолдау қажет

Мерейтойлық шараға жиналғандар балалар басылымы төңірегіндегі мәселелерді де талқылады. Қазір оқырманға газет, журнал уақытында жетпейді, - дейді редакторлар. Таралым да мәз емес.

Дүйсен Мүсірәліұлы, «Балдырған» журналының бас редакторы:

Биылғы «Балдырғанның» тиражы 11,5 мың тираж. Оның өзі республика бойынша нөмірі 1-ші журнал болып тұр. Ал, басқа балалар басылымдарының тираждары 5 мың, 3, мың, 2 мың. Жеке меншік журналдар 800, 900 данамен шығып жатыр. Соның бәрін балаларға арнап шығарып жатқанннан кейін, бәленбай еңбек болып жатқаннан кейін балалар оқысын дейміз.

Жиын қорытындысы бойынша, оқу-ағарту, мәдениет және ақпарат министрлігі, басылым өкілдері өзекті мәселелерді бірлесе шешуге уағдаласты.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу