Шығыс Қазақстанда қыс ортасында жаңбыр жауды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда қыс ортасында жаңбыр жауды

15.01.2024
Шығыс Қазақстанда қыс ортасында жаңбыр жауды

Шығыста соңғы бір аптада қолайсыз ауа райына байланысты автокөлік жолдары 28 рет жабылды. Әсіресе, түнде жолға шығу қауіпті. Ең қызығы қыс ортасында Шығыста жаңбыр жауды. Мұндай құбылыс өте сирек болады. Ал,толассыз қарлы боран соғып соңы көктайғаққа айналады. Өңірдегі күн райының бүгін және дәл қазір қалай болып тұрғанын тілшіміз-Олжас Керейханнан білсек.

Олжас, жаңбыр басылды ма? Жолдардың жағдайы қалай?

     
Олжас Керейхан, тілші:

Иә, Албина жаңбыр басылды. Жолардың көбі көкжалтыр мұз. Қысқа күнде үн райы қырық құбылып тұр. Өткен аптада кейбір таулы аудандарда қарлы дауыл соқты. Ал соңғы екі тәулікте, жаңбыр себеледі. Боран қатты соғатын өңірлердегі жолдың көбі түнде жабылады. Күндіз ашық болса да аяқ астынан дауыл соғып жолда қалатындар да бар. Өткен аптада Алтай-Өскемен тас жолында қар құрсауында қалған 30 дан аса автокөліктегі жүзге жуық жолаушы құтқарылды. Кеше түнде құтқарушылар Шемонайха ауданында жолдың жиегіне шығып, қалың қарға батқан жедел жәрдем қызметкерлеріне көмек көрсетті.    
– Олжас, шығыста қазір қарға қарғанда жаңбыр мол екен. Аяздың күші қалай. Сосын қардың мөлшері қалай?

Олжас Керейхан, тілші:

Иә, Албина, желтоқсанның ортасында бір апта сақылдаған сары аяз болған. Ал қаңтар жылы басталды. Содан да болар жаңбыр көп. Қар арлас жаңбырдың салдарынан таулы аймақтарда көшкін де жиледі. Сондықтан «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары бүгінге дейін 29 рет жасанды жарылыс жасап 50 мың текше метр қар түсірді. Ауа райының қолайсыздығынан орта мектептерде жиі онлайнға көшеді. Тек бүгіннің өзінде 5 ауданда түске дейін оқушылар сабақты үйден оқыды.
Ақмола облысында да соңғы күндері ауа райы күрт өзгерді. Өңірде қатты боран соғып, жолдарды көк мұз басқан. Салдарынан көлік қозғалысы да қиындап, құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қазір бізбен осы өңірдегі тілшіміз Ұмсындық Наурызбаева тікелей байланысқа шығып тұр. Ұмсындық, боран басылды ма? Ауа райының қолайсыздығынан жолда қалғандар бар ма?

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Иә, Альбина, кеше құтқарушылар жолда қалған 172 адамды 12 жылыту пунктіне жеткізген. Оның 10-ы бала. Сондай-ақ, кеше тас жолдарда екі ірі жол апаты болды. Жаңаталап ауылының жанында бір мезетте 15 көлік соқтығысқан. Тәртіп сақшылары оларды арнайы коллоналарға бөліп, діттеген жеріне апара жатса да, жүргізушілер белгіленген арақашықтықты сақтамай, бір-бірімен соқтығысқан. Жарақат алғандар жоқ. Сондай-ақ, сол күні Көкшетау-Астана тас жолында да бір мезетте 9 көлік соқтығысты. Қазір өңірде боран басылған. Жолдар ашық. Дегенмен бүгін қатты желмен аяздың кесірінен 1-9 сынып оқушылары сабақты қашықтан оқыды. Жалпы соңғы күндері еліміздің бірқатар аймағында ауа райы күрт өзгерді. Мәселен, Шымкент қаласында түні бойы жауған нөсер жаңбырдың соңы қарға ұласқан. Дегенмен табиғаттың тосын мінезі қаланың тыныс тіршілігіне аса әсер ете қойған жоқ.

Хабарламаларға жазылу