Жамбылда 60-қа жуық мектептің директоры жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда 60-қа жуық мектептің директоры жоқ

15.01.2024

Мектептер бар, басшылар жоқ. Жамбылда 60-қа жуық ағарту ошағының директоры жоқ. Облыс бойынша орта білім беретін мектептердің алды бір жыл, соңғылары алты айдан бері жетекшіге жарымай келеді. Ал мектептерді былай қойғанда аймақтағы Білім басқармасының да басшысы жоқ. Әлі күнге лауазымға лайықтылар табылмады ма, әріптесім Данияр Әлімқұл тағайындаулардың созылу себебін саралап көрді.

Жамбылда жалпы саны 498 мектеп болса, оның 59-ында басшы болмай тұр. Себебін сұрап білім басқармасына бардық. Айтпақшы мектептердің директорға деген мұқтаждығынан бөлек, басқарманың өзінде бір айдан бері басшы жоқ. Тіпті телефонын алмаған басшының міндетін атқарушы маманды да мекемеден таппадық.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Расында басқарма дәлізіндегі біраз бөлмеге бас сұқпақ болдық. Бірақ кабинеттердің көбісінің есігі тарс жабық. Бөлім басшыларының бірі жиналыста, екіншісі салқын тиіп, сырқаттанып қалыпты. Қалғандары аудан аралап кеткенге ұқсайды.

Ал ұстатпай жүрген басқармасы басшысы міндетін уақытша атқарушыны әзер дегенде әкімдіктен таптық. Жауаптының сөзінше алыстағы ауыл мектептеріне басшы болып барғысы келетіндер жоқ екен. Тағы бір себеп директорларды тестілеуден өткізетін мекеме жұмысы тоқтаған. Сондықтан салалық министрлік басқа жолын қарастырып жатыр екен.

Мұхит Нысанбаев – Облыстық білім басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы

Директордың бос орнына қызығушылық үміткерлерді онша татпайды, ол жерге барғысы жоқ. + Мойынқұм, Сарысу, Байзақтың түп жағындағы анау шалғай ауылдарында бос орындар көп. + Конкурс жұмыстары қазіргі кезде қаңтар айының аяғына біз жоспарлап отырмыз.

Ал басқармаға басшы қашан келеді деп аймақ әкімінің аппаратынан сұрадық. Сөйтсек білім басқармасынан бөлек, тағы екі басқарма да егесіз отыр. Оның бірі мемлекеттік сатып алу мекемесі болса, былтырғы қарашадан бері Энергетика басқармасында да жетекші жоқ.

Серік Құрманбеков – жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары:

Басқарма басшылары өз өтініштері бойынша жұмыстарынан босаған, бүгінгі таңда конкурстық рәсімдер үшін құжаттары дайындалуда. + Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес, алдағы уақытта құжаттар БАҚ, оның ішінде сайтқа берілетін болады.

 Аймақ әкімдігі аппаратының басқарма басшыларын тағайындауға асықпайтынын аңғардық. Іскер басшыны іздеуге конкурс қашан жарияланатыны белгісіз. Сондықтан бос орындарды сарымайдай сақтап отыруға тура келеді.


Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу