Түркияның «Анталия Спор» клубында ойнайтын израильдік футболшы Сагив Йехезкель қоғамдық орында ұлтаралық араздықты қоздырды деген күдікпен қамауға алынды. Ол қарсылас командаға соққан голынан кейін Израильдің Газадағы әскери операциясын қолдайтын жазуды камераға көрсеткен. Оның бұл әрекеті әлеуметтік желіде үлкен дау туғызды. Көп ұзамай Анталия прокуроры футболшыны қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал «Анталия Спор» футбол клубы ұлттық құндылықтарға қайшы әрекет жасаған ойыншымен келісімшартты үзгенін мәлімдеді. Тиісті тергеу шараларынан соң израильдік футболшы еліне қайтарылды. Сагив Йехезкель «Анталия Спор» футбол клубына өткен жылдың қыркүйек айында келген еді.
Айдос Әшімұлы