«Майқайыңалтындағы» апат: Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Майқайыңалтындағы» апат: Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр

16.01.2024

«Майқайыңалтын» кен байыту фабрикасына қарасты шахта аумағында болған апаттан кейінгі іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Автобус жүргізушісі мен тағы бір құтқарушыны іздеу жұмыстары басталғалы бүгін тура 12 күн болды. Қазір автобустың қай жерде жатқаны белгілі. Оны құмнан аршып алу жұмыстары қолға алынған. Бұған дейін шұңқырға түсіп кеткен екі адамның денесі шығарылған болатын.

Шұңқырдың түбіне тақаған сайын арнайы техниканың жұмыс істеуі күрделеніп келеді. Бірақ межеге жақын қалды.

Болат Аманбаев, тілші:

Біз қазір шыңыраудың бел ортасындамыз. Ауыр техника бұл жерге сатылап-сатылап түсіп келе жатыр. Бірінші, екінші, мынау үшінші саты. Қазір жұмыс төртінші сатыда жүріп жатыр. Бесінші саты автобустың жатқан жері. Қазір бұл жерде 30 градус аяз. Төмен түскен сайын аяз күшейіп барады.

Ішінде екі адамы бар автобусты аршып алуға құтқарушылар кіріседі. Қазіргі жұмыстарды тау-кен мамандары атқарып жатыр.

Талғат Әбіков, тау-кен инженері:

Мәреге тақап қалдық. Қазір эксковатор 4 метрлік ор қазып, жолды бекітеді. Түнге қарай бізге белгілеп берген жерге дейін тазалау жұмыстарын аяқтаймыз. Одан кейін құтқарушылар жұмыс жүргізеді.

Апат болған аумақта 2013 жылдан бастап қазу жұмыстары жүргізілген. Бірақ дәл осы опырылған жердің қауіпсіз екендігі сан мәрте тексерілген. 2018 жылы жобалаушы мекеме сараптама жүргізіп өндіріске еш қауіп жоқ деген анықтама берді. Содан бергі 6 жылда бұл жерді көліктер таптаурын жолға айналдырып алды дейді кәсіпорын басшылығы.

Қуаныш Ботин, «Майқайыңалтын» кен байыту комбинатының бас директоры:

Солтүстік Шығыс флангісіндегі жұмыстар 2013 жылы басында басталған. Сол кезде жобалау жұмыстары жасалған. Жобалау жұмыстары ол жер құлайды немесе басқа нәрсе болады деген жоқ. Одан кейін сараптама жұмыстары да болған. Бірақ осындай оқиғаға тап болуымыз мүмкін емес еді.

Жолдың ойылуының нақты себебі құлаған автобус жүргізушісі мен тағы бір құтқарушыны тапқан соң белгілі болмақ. Іздеу жұмыстары басталғалы бүгін тура 12 күн болды.

Нұрбақыт Сансызбай, жоғалған құтқарушының туысы:

Күлтөбенің басында күнде жиын дейді. Осында күніне штабта екі рет жиын өтеді. Облыс әкімі, аудан әкімі, атқарушы билік өкілдері бәрі осында. Енді ол кісілермен біздің айырмашылығымыз болмай тұр. Оларда көрермен, бізде көрермен. Мынау енді масқара ғой. 66 метр жерге жете алмау деген. Апталдай екі азамат жатыр.

Тағы бір тың жаңалық фабриканың қожайыны Сербиялық азамат Милан Попович екен. Бұны кәсіпорын басшылығы растап отыр.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу