Елімізде медиациялық қауымдастықтар мен медиаторлардың ортақ алаңы құрылмақ. Бітімгерлердің басын бір арнаға тоғыстыру бастамасын былтыр Мәдениет және ақпарат министрлігі қолға алған. Биыл жобаның жалғасы Жамбыл жерінен бастау алды. Былтыр министрлік осы мақсатта мемлекеттік грант жариялады. 60 млн теңгенің жобасын «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығы ұтып алған болатын. Жобаны игеру мерзімі - екі жыл. Грант талабы бойынша, 600 медиатор мен 60 жаттықтырушы медиаторды дайындау керек. Жобаны жасаушылар сала белсенділерімен бас қосты. Бұл қауымдастық былтыр еліміздің 19 өңірін аралап, 300-ге жуық бітімгерді дайындаған. Сондай-ақ, mediator.kz сайтын іске қосты. Биыл медиаторлардың нақты саны белгілі болмақ. Елімізде 2011 жылы «Медиация туралы» Заң қабылданып, дауларды сотқа жеткізбей шешудің жаңа баламалы бағыты енгізілді.
Азамат Нұрлыбеков, «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:
Медиаторлардың саны көп болғанымен, сапасы нашарлау, өкінішке қарай. Қазіргі таңда ешкім білмейді медиатор қалай даярланып жатқандығын. Әрбір ассоциацияның өзінің бағдарламасы бар. Ол дұрыс па, бұрыс па, оны нақты ешкім білмейді. Сондықтан біз бірыңғай альянсты құрып, бүкіл қазақстандық медиаторлардың басын қосқалы жатырмыз.
Данияр Әлімқұл