Астаналықтар үй астындағы көлік жөндеу орталықтарының жұмысын тоқтатуды сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналықтар үй астындағы көлік жөндеу орталықтарының жұмысын тоқтатуды сұрайды

17.01.2024

Елорда тұрғындары көп қабатты үйлердің жертөлесі мен ауласында орналасқан көлік жөндейтін орталықтардың жұмысына қарсы. Себебі, келіп кететін автомобиль санында есеп жоқ. Соның кесірінен, тұрғындар көліктерін көше бойына қалдыруға мәжбүр. Бәрінен бұрын ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды.

Көлік жөндейтін бұл орталық елордадағы көпқабатты үйлердің қақ ортасында орналасқан. Тұрғын үй Шәкірім Құдайбердіұлы көшесінің бойында тұр. Аулада ине шаншар жер жоқ. Ұрылып-соғылған машиналардан көз ашпайсың. Тұрғындар бұл техниканың барлығы жұмысы қыз-қыз қайнап жатқан көлік жөндейтін орталыққа тиесілі дейді.

Эльмира Исламова, қала тұрғыны:

Біз 2020 жылдан бері әкімдікке жаздық, санитарлық орталыққа да шағымдандық. Бірақ нәтиже жоқ. Бұл ғимарат негізі әу баста тұрғындар көліктерін қойсын деп салынған. Бір адамдар белден басып отыр. Білмейміз кім екенін. Қоқыс салатын жәшікті толтырып тастайтын да, осылар. Жедел жәрдем көлігі келсе аулаға кіре алмай қалады.

Ал жыл мезгіліне сәйкес дөңгелектерді ауыстыратын уақытта орталықтың жұмысы тіпті қызады. Ұзын-сонар кезек, қаптаған көлік. Үй алаңында ойнап жүрген балаларымызды қағып кете ме деп қорқамыз, - дейді тұрғындар.

Шұға Құдабаева, қала тұрғыны:

Осы арада СТО жасаған. Паркинг деп ойлаймын кісілерге жасалған. Бірақ мына жерде ылғи машина жөндейді. СТО. Көп машина тұрады осы арада. У-шу шығады, дыбысы қатты, иіс болады. Міне мына жерде де машиналар тұр ғой. Мынау жерде біз балалармен жүргенде өте алмаймыз.

АВТОТҰРАҚТАҒЫ БИЗНЕС НЫСАНДАР 3 ЖЫЛ БОЙЫ ТЕКСЕРІЛМЕГЕН

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазір Астанада 400-ден астам көлікке қызмет көрсету бекеті бар. Алайда, кез-келген орган өкілі оларды негізсіз бақылауға да ала алмайды. Тек қауіпсіздік үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізуге құқылы. Ал кәсіпкерлерге мораторий енгізілген 3 жылда автотұрақ пен жертөлеге жайғасқан бизнес нысандары бақылаусыз қалған.

Мадияр Мырзагелдиев, ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

Үш жыл бойы көп қабатты ғимараттарда көлікке қызмет көрсету бекеттері тіркелмеген. Неге десеңіз біз, тексеріс жүргізген жоқпыз. Арыздар немесе өтініштер келіп түсетін болса ғана тексеріс тағайындауымызға болады.

ПАРКИНГТЕРГЕ БИЗНЕС НЫСАНЫН АШУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Ал былтыр Тұрғынүй қатынастары туралы заңға енгізілген өзгертулер, биыл ғана күшіне енді. Енді бірде-бір кәсіпкер тұрғын үйлердің паркингіне көлік жуатын бекет, не жөндейтін орталық та аша алмайды. Себебі, көпқабатты үйлердің асты да сол жердегі тұрғындарға тиесілі.

Ернұр Нұрғалиев, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы:

Ортақ кондоминимумға жататын паркингтің немесе қойманың, жалпы көлік тұрақтарының өзгертуге мүлде тыйым салынды. Яғни, бұрынғыдай халықтың рұқсатын немесе техникалық жобасын таныстырудың қажеті жоқ. Мүлде тыйым салынады.

Алайда, жауапты орган өкілдері осыған дейін тұрғын үйлердің астынан көлік жөндейтін орталық ашып алғандарды бас салып тексере алмайды. Ол үшін шағымданушы тараптың арызы мен негіз керек, - дейді. Ал айласын асырып, заңсыз жолға барғандарды бақылауға алмақ.


Тәуірбек Бозекен

Хабарламаларға жазылу