Шетелдіктер асырап алған балалар туралы зерттеу жүргізу ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдіктер асырап алған балалар туралы зерттеу жүргізу ұсынылды

18.01.2024

«Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ!» Осылай деп дабыл қаққан сенат депутаты Дархан Қыдырәлі, шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалар туралы кешенді зерттеу жүргізуді ұсынды. Оның сөзінше, 1999 жылдан 2011 жылға дейін, 8 805 бүлдіршінді өзге елдің азаматтары бауырына басқан. Жандос Темірғали толығырақ тарқатып айтсын.

Оңтүстік Африкадан бөлек, АҚШ пен Бельгияға кеткен 217 баланың да тағдыры белгісіз. Өйткені көп шетелдік есеп беруді былай қойғанда, мәлімет жолдауға да құлықсыз көрінеді. Қазір кәмелетке толмаған 3 588 бала туралы есеп алынып тұрады. Ал 1999 жылға дейінгі бала асырап алу туралы мәлімет, бұлыңғыр күйінде қалып отыр. Депутат жаттың жетегінде кеткен қандастарды түгендеу керек дейді.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Ең сорақысы 99 жылға дейін қанша баланың шетелге кеткені туралы мүлдем дерек жоқ. Сондықтан бүгін осы мәселені көтердік. Бұған дейін бас прокуратура 14 жылы осы мәселені көтерген екен. Асырап алушылар мен балалардың бірыңғай мәлімет жүйесін құру жөнінде. Соны сұратып отырмыз. Кең көлемді, жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс.

Бельгиялық әйел асырап алған Жәнібектің бұл жолғы туған күні тұңғыш рет атамекеніндегі қалың елдің ақ тілегімен өрілді. 22 жасын Ұлттық арнадағы 1001 түн бағдарламасында қарсы алған ол, анамды көрмесем де туған еліммен қауыштым деп ағынан жарылды. Журналист Қымбат Досжан, Жәнібектің анасына қатысты зерттеу жұмыстарымен бөлісті. Папкаға жиналған дерек пен дәйек қалың . Тек, түсініксіз жағдайлар көп...

Қымбат Досжан, журналист, Жәнібек Жұмағұловтың Қазақстандағы заңды өкілі:

Бельгиялық асырап алушы біздің елге келерден бұрын Жәнібек Жұмағұловтың өзінің жеке мәліметімен суретін алып, Қазақстанға келе жатқанда қандай баланы асырап алатынын біліп келген. Және келгеннен кейін бір кісіге қомақты қаржы берген. Депутаттардың осындай сұрауынан кейін, біраз нәрсеге сең қозғалды деп ойлаймыз. Бір ғана Жәнібектің тағдыры біраз шетел асқан балалардың тағдырына өте үлкен сеп болады деп ойлаймыз.

Жәнібектің анасын іздеу барысында қатталған барлық құжат Бас прокуратураға берілді. ДНҚ тапсырушы ниеттілер үшін де сенім телефоны іске қосылды. +7 771 321 97 86. Шалынған қоңырау мен берілген мәлімет құпия сақталады. Депутат Дархан Қыдырәлі санда бар, санатта жоқ балалар туралы деректерді жаңалау керек, - дейді. Тіпті, кәмелетке толған кезінде Қазақстан азаматтығын аламын десе, олардың таңдауына ел боп көмектесуді ұсынды.


Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу