Марқакөл ауданындағы қар құрсауында отырған 4 ауылдың жолы әлі ашылған жоқ. Коммуналдық сала мамандарының айтуынша, жаңбыр аралас борандатып жауған қарға кез-келген техниканың күрегі батпайды. Ең шеттегі - Шанағаты ауылында 4 тәуліктен бері электр жарығы жоқ. Жол ашылмағандықтан, энергетиктер де жете алмай жатыр. Ал халық таудағы тебіндегі жылқысына алаңдап отыр. Аймақтағы ахуалды тілшіміз Олжас Керейханнан білсек. Ол бізбен тікелей байланысқа шықты.
– Олжас, қарды тазалау неге ұзаққа созылды. Техника жетіспей жатыр ма?
Олжас Керейхан, тілші:
Марқакөл өңірінде қар астында қалған ауылдарға жол ашу үшін 12 техника тоқтаусыз күндіз- түні жұмыс істеп жатыр. Алайда қалыңдығы 2-3 метр болатын сүрлі қарды алу өте қиын. Дегенмен техника біртіндеп екі бағыттағы жолды тазалап жылжып барады. Жалпы Марақакөлге қар қалың жауады Бірақ оған қарамастан жылқы жыл он екі ай тебінде болды. Бірақ биыл қаңтар айы туғаннан бастап қар жаңбырмен араласа жауып мұз болып қатып қалды. Сондықтан таудағы жылқысын ел етекке түсіріп жатыр.
Кенжехан Жайылмысов, Ақжайлау ауылының тұрғыны:
Ауылдан 7-8 шақырымдай жерде болған. Енді жылқымызды аман есен жеткізіп алдық.Жылқымыз бәрі аман. Енді қазіргі кездегі басты мәселенің бірі жайылымға дейін осы жылқыны ауылда ұстау. Өйткені жылқы малы наурызға дейін бізде жайылымда болу керек болған. Қазір міне 18-қаңтардан бастап бүкіл ауылдың малы үйімізде тұр. Шөбімізде жетейді. Әрине дайындаған жемімізде жетпей қалуы мүмкін.
Олжас Керейхан, тілші:
Тұрғындар ең бастысы еңбекпен өсірген малын аман-есен қорасына әкелгеніне разы. Ал Ақжайлау ауылы сыртпен байланыссыз 9 тәулік отырды. Жол кеше ғана ашылды. Төсқайың, Шанағаты, Бұғымүйіз, Балықты бұлақ ауылдары әлі қар құрсауында.
Алмат Ақышов, Күршім ауданының әкімі:
Жұмыс оңай емес. Себебі бір күнде жауған қар емес. Бір апта бойы жауды. Оның қалыңдығы 2 метр. Кей жерлерде 3 метр болады. Дегенмен техникада, мамандар да күн-түн демей жұмыс істеуде. Жергілікті халықта көмек күшін созуда. 0.51- Облыс әкімінің шешімімен тікұшақпен дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізілген болатын. Сонымен қатар науқас адамдар болған, оқыс оқиға болған жағдайда алып кетуге үнемі тік ұшақ дайын.
Олжас Керейхан, тілші:
Аудан әкімінің айтуынша жекелеген қыстақта тұратын отбасылармен де байланыс бар. Ал боран соқпаса сыртпен байланыссыз отырған 4 ауылдың жолы алдағы 1-2 күнде ашылады.