Қазақстан бітімгер әскерін Таяу Шығысқа жібереді. Жауынгерлер Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталары және Оңтүстік Судандағы миссиясына қатыспақ. Парламенттің қос палатасы бүгін тиісті құжатты мақұлдады. Арнайы жасақ қалай іріктеледі? Олар Таяу Шығыста қандай бітімгерлік миссия атқарады? Қос палатаның отырысынан Айя Мүтәлі тарқатады
Таяу Шығыстағы бітімгерлік миссияға 430 қазақстандық жауынгер аттанады. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айтуынша, арнайы жасақтың алғашқы легі наурыз айынан бастап жіберіледі. Бітімгерлерді Сириядағы «Фауар» лагеріне жайғастырады. Олар бір жылда Сирия-Израиль, Палестина-Израиль және Судандағы миссияларға қатысуы тиіс. Миссия мерзімі ұзаруы да мүмкін.
Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:
Халықаралық комиссия келіп тексеріп кетті. Олар дайындықты өте жоғары бағалап, бітімгерлікке қатысуға рұқсат берді. Әскерилер жоғары моральдық-іскерлік қасиеті бойынша таңдалды. Олардың денсаулығы мен әскери тәртібі, жеке дайындығы, тілді білу дәрежесі мен заңнаманы меңгеруі тексерілді.
Яғни, жіберілетін әскердің құрамында жаңадан армияға алынғандар болмайды. Тек толық дайындықтан өткен, келісім-шарт жасасқан кәсіби қызметкерлер ғана жіберіледі. Ал қазақстандық бітімгерлердің міндеті – аудандарды бақылап, блок-бекеттерді күзету, жарылғыш заттарды тауып, аумақты тазарту болмақ.
Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«БҰҰ-ның негізгі талабы – әр контингент өзінің қару-жарағымен, техникасымен бару керек. Сондықтан біз қандай техника жіберілетінін айқындадық. Енді сол техниканы жеткізу біздің миссиямыз. Бұған шамамен 8 млн доллар кетеді. Оны бюджеттен бөлуді қарастырып жатырмыз. Ал бітімгерлерді елге кері қайтару БҰҰ есебінен болады.
Бітімгерлердің жалақысын да БҰҰ-ы төлейді. Ай сайын шамамен - 1 мың доллар. Миссия барысында қаза тапқан немесе жарақат алғандар үшін де арнайы төлем қарастырылған.
Олжас Құсайынов, ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы:
Қаза тапқан әскери қызметшінің отбасы 60 айлық жалақы көлемінде ақша алады. 77 мың АҚШ долларын БҰҰ төлейді. Мүгедектікке немесе басқа да жарақат алуына байланысты, тиісті комиссия құрылып, солар айқындайды.
Ал бітімгерлікке жіберілетін Қарулы күштердің арасында 7 әйел бар. Министрдің айтуынша, олар көбіне дәрігер, аудармашы, техникалық жұмысшы қызметтерін атқарады.
Айя Мүтәлі, Тілші:
БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына Қазақстан бұған дейін де қатысқан. 2014 жылдан бері Қорғаныс министрлігі 600-ден аса офицер мен әскери қызметшіні Батыс Сахара, Мали, Орталық Африка және Ливан сынды бірқатар мемлекетке жіберді. Қазірдің өзінде ұйымның арнайы миссияларын орындап жүрген 19-ға жуық Қарулы күшіміз бар. Алайда, Қазақстан бұған дейін тек өзге елдер жасағының құрамында қызмет етті. Енді алғаш рет арнайы миссияларға жеке дербес мемлекет ретінде қатысады.