Ұлттық қордан балалардың шотына аударылатын қаржы 1 ақпаннан кешікпей түседі. Мұны Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері мәлімдеді.
Қор қазір 31 желтоқсанға дейінгі деректерді тексеріп, ақша алатындардың тізімін жинақтап жатыр. Қаржының түскен-түспегенін eGov.kz немесе зейнетақы қорының сайтынан тексеруге болады. Ал жинақты шешіп алу үшін баланың өзі немесе оның заңды өкілі екінші деңгейлі банк бөлімшесіне немесе «Қазпошта» қызметіне жүгіну қажет. Арнайы шот ашып, қаражатты неге жұмсайтынын көрсетуі тиіс. Жинақты 18 жасқа толған бала оқуына немесе үй жағдайын жақсарту үшін пайдалана алады.