Өскемендегі жалғыз қазақ мектеп-лицей-интернатында ыстық су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендегі жалғыз қазақ мектеп-лицей-интернатында ыстық су жоқ

22.01.2024

Өскемендегі дарынды балаларға арналған облыстық жалғыз қазақ мектеп-лицей-интернаты санитариялық талапқа мүлде сай болмай шықты. Қазір онда 280 бала тәрбие мен білім алып жатыр. Алпыс жыл бұрын салынған қос ғимарат әбден ескірген. Соңғы жылдары жөндеу жұмыстарын ата-аналар өздері қаражат шығарып жамап-жасқап келеді. Енді интернатта ыстық су жоқ.

Маржан Байбекова, тәрбиеші:

Мынау біздің интернатта тұрған жалғыз бойлер. Елу-ақ литр. Таңертең кім ерте тұрып кім үлгерді. Сол үлгергендер шамалары жеткенше алады суды. Үлгермегендер батарейкаға жылы су қойып қояды. Сол бойынша жуынады. Не істейді енді?

Құтыға құйып жылу батарейкасына қойған су бірде жылиды. Кейде ол да жоқ. Интернатта тұратын оқушылар сенбі-жексенбі күндері ғана толық жуынатындарын айтады. Кейде ауыз су да болмай қалады.

Таңнұр Еркін, оқушы:

Бізде фильтрдағы су ағып тұрады да, кешкі уақытқа қарай оқушылардың бәрі құтыларына су толтырып алғысы келген жағдайда бізде фильтрде су болмай қалады.Яғни осы кезде крандағы суды ішуге мәжбүр боламыз.

Мектеп-интернаттың ғимараты салынған шағын ауданда орталық ыстық су құбыры мүлде жоқ. Ал су жылтатын бірнеше құрылғы орнатуға облыстағы білім саласына жауапты басшылар құлық танытпай отырғаны түсінксіз. Есесіне, оқушылар ыстық суды шелекпен тасып жүр.

Ержан Таңсықбаев, Ұлан ауданының тұрғыны:

Спорттық үйірмелерге қатысса да бала терлейді. Ол міндетті түрде кешке жақын жуыну керек. Облыстық тек қазақ тілінде оқытып жатқан дарынды балалар оқытып жатқан осы. Үлкен, проблема деп ойлаймын оны шешу керек.

Үлкен проблеманы шешу үшін лицей интернаттың ұжымы мен ата-аналар бұған дейін хат жазып қақпаған есігі жоқ. Еш нәтиже болмады. Ғимараттың қасбеті жылтырап тұрғанмен іші қалтырап тұр.

Гүлвира Қалиева, Зайсан ауданының тұрғыны:

Жаңа мен сабаққа қатысып отырмын. Есік жабылмайды. Қарапайым ғана. Есіктің өзін мұғалімдер тартып отырады. Ал интернаттың мүлдем терезеден порточкаларын қарап отырсыңыздар қай заманғы сырмен баттасып сырланған. Кейде ол ашылмайды кейде жабылмайды. Ата-ана өзіміз бірігіп тиынын жинасақ та әйтеуір ыңғайлап, соны жамауға тырысып жатамыз Енді ол да рас.

Облыстық білім басқармасының басшылары мектеп-интернат санитариялық талапқа сай келмейтінін мойындап отыр. Дәл қазір мәселені шешуге мүмкіндік жоқ екенін ашық айтты. Қалада бұған дейін құрылысы аяқсыз қалып тонауға түскен колледждің ғимаратын бітіріп лицейді сонда көшірмек.

Нұртуған Маратұлы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Осы ғимартты толығымен аяқтап сонда 880 балаға аңағы интернатты сонда көшіру жоспарымыз бар. Оны жоспар бойынша бұл 2025 те аяқталу керек.

2025 жылы құрылыс толық аяқталады дегенге кепілдік тағы жоқ. Өйткені қаңырап тұрған құрылыс бұған дейін жекеге сатылып кеткен. Сондықтан ескі болса да талай қазақ баласы осы интернатта оқи береді.


Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу