«МузАрт» тобы: Ақтөбеде болған оқиғаларға бейжай қарап отыру мүмкін емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«МузАрт» тобы: Ақтөбеде болған оқиғаларға бейжай қарап отыру мүмкін емес

20.06.2016
«МузАрт» тобы: Ақтөбеде болған оқиғаларға бейжай қарап отыру мүмкін емес

«МузАрт» тобы Ақтөбеде қайырымдылық концертін берді. Екі сағаттық концерт ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта өтті, деп хабарлайды «Ақтөбе-ақпарат».

Сахнаға шыққан әншілер қала тұрғындарына қолдау білдіріп, көңіл айтты.

«Ақтөбеде болған оқиғаларға бейжай қарап отыру мүмкін емес. Біз сіздерге қолдау көрсетіп, жұбату үшін келдік. Қазақстандықтарды бейбітшілікті бағалауға шақырамыз. Әрдайым аспанымыз ашық болсын. Татулық пен мейірімге үндейтін дінді қаралап, қоғамға залалын келтіріп жатқандардың әрекеті ақтауға келмейді. Барлығымыз бірлесіп, осы зұлымдықпен күресуіміз қажет», - деді Сәкен Майғазиев.

Топ мүшелері шараны ұйымдастыруға ықпал еткен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғыс білдірді.

Аймақ басшысы өз кезегінде өнер иелеріне қолдау көрсетіп, азаматтық ұстанымдарын білдіргендері үшін алғысын жеткізді.

«Осындай игі бастама көтергендеріңізге ақтөбеліктердің атынан рахметімді айтамын. Өз жоспарларыңызды өзгертіп, отандастарымызға қолдау білдіріп отырсыздар. Бүгін сіздер өздеріңіздің халыққа жақын, нағыз өнер адамдары екендіктеріңізді тағы бір мәрте дәлелдедіңіздер», - деді облыс әкімі.

Қазақстандық танымал өнер ұжымының концерті екі сағатқа ұласты. Саябақ алаңына бес мыңнан астам адам жиналды.

Естеріңізге саламыз, жуырда Ұлттық арнадан топ мүшелерінің ізбасарларын таңдауға арналған «МузАРТ LIVE» атты жаңа мегажоба басталады.

 

Хабарламаларға жазылу