Депутат уақытылы хабарлама таратпаған мекемелерді сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутат уақытылы хабарлама таратпаған мекемелерді сынға алды

24.01.2024

Төтенше жағдай кезінде қазақстандықтардың қауіпсіздігін кім ойлауы керек? Осылай деген Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев құзырлы мемлекеттік мекемелерді сынға алды. Жер сілкінісі туралы Алматы тұрғындарына уақытылы хабарланбауы дүрбелеңге алып келді. Бұл жүйенің мүлде жұмыс істемей тұрғанын көрсетеді. Байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру туралы заң жобасында осы мәселені шешуіміз керек. Бұл бірінші кезекте халықтың қауіпсіздігі үшін маңызды, - деді депутат.

Сергей Пономарев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Біз жер сілкінісі туралы ескертуді әлемдік жүйелерден алдық. Бірақ, төтенше жағдайлар қызметі отандық байланыс операторлары арқылы смс хабарламалар таратпады. Төтенше жағдай кезінде біздің амандығымызды кім ойлауы керек? Бұл Билл Гейтс немесе Иллон Маскке керек пе? Біздің ақпараттандыру жүйесі неге керек кезде жұмыс істемей қалды?

Ал цифрлық даму министрлігі хабарландыру жүйесінде ақаудың болмағандығын айтады. Қазіргі заңға сәйкес мобильді операторлар абоненттерге СМС хабарлама таратуға міндетті. Дегенмен, бұл бірнеше сағатқа созылатын жұмыс. Төтенше жағдайлар министрлігі және мобильді операторлар барлық телефонға бір уақытта хабарлама жіберетін жүйені дайындап, тестілеуден өткізді. Алайда оны пайдалану үшін заңға өзгеріс енгізу керек дейді ол.

Асхат Оразбек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:

Мұндай технология бар әрине. Әлемнің бірнеше елінде сәтті пайдаланылып та жатыр. Төтенше жағдай туралы хабарлама экранға бірден шыға келеді. Онымен қоса дабылды сигналы бірге жүреді. Енді мобилдьді операторлар бұл жүйені пайдалана алуы үшін азаматтық қорғаныс кодексіне өзгеріс керек. 


Хабарламаларға жазылу