Жапонияда зілзаладан келген шығын көлемі 17 млрд доллардан асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жапонияда зілзаладан келген шығын көлемі 17 млрд доллардан асады

26.01.2024

Жапония үкіметі ай басында болған зілзаладан келген шығынды 17 млрд 600 млн долларға бағалап отыр. Мұндай ақпаратты елдің Кийодо жаңалықтар агенттігі хабарлады. Қуаты 7,6 балдық дүмпуден қаза тапқан адам саны 236-ға жеткен. Мыңнан аса адам жараланды. Жоғалып кеткендер табылмай жатыр. 

Жапонияда қаңтардың бірінде болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 236-ға жетті. Соңғы мәліметтерге сай, 1100-ден астам адам жараланған. 15 мың тұрғын эвакуациялақ орталықтарды паналауға мәжбүр. Исикава префектурасында 4,5 мыңға жуық үй әлі электр жарығынсыз отыр. Ал кейбір аудандарды сумен жабдықтау жүйесі тек ақпанның соңында іске қосылады.

Жапония үкіметінің мәлімдеуінше, жойқын зілзаладан келген шығын 17 млрд доллардан асқан. Бұл - Исикава, Тояма және Ниигата префектураларындағы үй, жол, порттар мен басқа да инфрақұрылымға келген шығын көлемі. 40 мыңнан астам баспана толықтай немесе жартылай қираған. Құлаған үйлердің көбі - ескі сейсмикалық стандарттарға сай тұрғызылған ағаш үйлер. Мысалы, Исикавадағы бұл ғимараттардың көбі 1980 жылға дейін салынған.

Қуатты дүмпуден жергілікті туризм орасан зардап шекті. Оны қайта қалпына келтіру үшін үкімет зардап шеккен аймақтарға келешекте 70 пайыз субсидия бөлу мәселесін қарастырып жатыр. Сонымен бірге үкімет жер сілкінісінен зардап шеккен шағын және орта бизнеске үй-жайлар мен өндірістік құрал-жабдықтарды жөндеуге кеткен шығынның 75 пайызын өтейді.

Арай Төлеген

Хабарламаларға жазылу