Шетелден жұмыс күшін тартуға 22 мың квота бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелден жұмыс күшін тартуға 22 мың квота бөлінді

26.01.2024

Былтыр елімізге 21 мыңнан астам қандас қоныс аударған. 2022 жылмен салыстырғанда өзге елден көшіп келгендер саны 2100-ге артқан. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері айтты. Қазір құжаттарды қабылдау шет елдердегі мекемелер немесе eQonaq мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылып жатыр.

Ішкі көші-қонда да өсім байқалады. Былтыр қаңтар-қыркүйек айларында ішкі көші-қонға 733 мың адам қатысқан. Олардың басым бөлігі Астана қаласында тұрақты тұруға ниет білдірген. Басқа өңірлерден көшіп келгендердің қатары Алматы мен Шымкент қаласында көп. Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаевтың айтуынша, елде 473 пана іздеуші мен 259 босқын тұрады. Оларға енді медициналық және әлеуметтік көмекке көрсету бойынша ұсыныстар әзірленіп жатыр дейді.

Сондай-ақ жиында Қазақстанда кәсіп ашқысы келетін немесе жоғары сұранысқа ие этникалық қазақтарға берілетін «Ата жолы» картасы шеңберінде қанша этинкалық қазақтың елге келгені белгілі болды. Биыл еңбек иммиграциясы бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға 22 мың квота бөлінген.

Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы:

Ресей, Моңғолия сияқты таяу шетелдермен қатар, «Ата жолы» картасын алуға АҚШ пен Еуропалық одақ елдеріндегі этникалық қазақтар да қызығушылық танытып жатыр. Бүгін күні «Ата жолы» картасы 44 этникалық қазақтар отбасына берілді. Өз кезегінде ол 110 адамды құрайды. Оның ішінде сұранысқа ие 24 адам, 20 кәсіпкер.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу