Ақмола облысында 10 ауылдың халқы тіршілік нәрін тасып ішеді. 100-ден астам елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Мемлекет миллиондаған қаржы бөлсе де ауыз су мәселесі өңірде шешімін таппай келеді. Мәселен, Біржан сал ауданына қарасты Үлгі ауылында мыңдаған тұрғын судан тарығып отыр.
Алпысты алқымдаған Ноғай Шәріпхан Үлгі ауылына осыдан 30 жыл бұрын көшіп келген. Содан бері ауыз судың азабын тартып келеді. Зейнеткер күнделікті тұтынатын тіршілік нәрін құдықтан тасып ішуге мәжбүр.
Ноғай Шәріпхан, ауыл тұрғыны:
Міне, біз құдықтан әкелген суымыз. Жана ғана әкелдім. Шамам да келмейді. Осылай әкеліп, жеткенше мына су қатып та қалады. Осылай жібітіп қойып. Бұл бір қираған құрылыстың жанында қалған құдық. Содан әкеліп отырмыз.
Ауыз су мәселесінен әбден қажыған халық қайда барып, кімге шағымданарын да білмейді.
Қайырбек Сұлтанғазин, ауыл тұрғыны:
Міне, мына жердегі құдықтан 15 үй екі-үш шелек су аламыз. Бәлен жылдан бері солай. Ауылда су жоқ.
Тіршілік нәрінен тарыққан жұрттың күні ауылдағы бірнеше құдыққа қарап отыр. Алыстан арба сүйреу әсіресе қыста қиын.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Ауыл халқы суды күнделікті, міне, дәл осындай құдықтардан шелектеп тасып, үнемдеп ішеді. Басқа амал жоқ. Оның сапасын да ешкім тексеріп жатқан жоқ.
Ауылдағы су құбырын тарту жұмыстарына бюджеттен 551 миллион теңге бөлінген. Алайда, мердігер жер қазып, құбыр жүргізіп қойғанымен, одан бір тамшы су тамбайды. Олармен тілдесу де мүмкін болмады. Ал әкімдік жауапты компаниямен бірнеше жылдан бері соттасып әлек.
Бақтияр Мұстафин, Біржан Сал аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
Қазір су құбырын толық өткізіп беретін жаңа мердігер анықталды. Алайда, олар осыған дейін жұмыс істеген компания барлық құжаттарды бізге беруі керек деп отыр. Өзіміз де оларға хабарласа алмай қойдық. Дегенмен соған қарамастан барлығын осы жылы аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Мыңдаған халықты зар илетіп, ауыз сусыз қалдырған мердігер басқа аймақтардан да бірнеше жобаны ұтып алып, жұмысты аяқсыз қалдырған көрінеді. Ал жергілікті билік өкілдері мұндай жағдайдың алдын алуға қауқарсыз.
Данияр Қуанышбаев, Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:
Мұның барлығы мемлекеттік сатып алу туралы заң аясында жүзеге асады. Яғни, мердігерлерді біз анықтай алмаймыз. Конкурс жарияланады. Компаниялар еліміздің барлық өңірлеріндегі тендерге қатысады. Егер қойылған талаптарға сай болса, жеңіп алады.
Жалпы қазір Ақмола облысында он ауылдың халқы тіршілік нәрін тасып ішеді. Жүзден астам елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Ал әкімдік бұл мәселе кезең-кезеңмен шешіледі,-деп отыр.
Ұмсындық Наурызбаева