Еліміздегі әуежайлар маңында орналасқан нысандар сүріледі. Бұл ұшақтардың қауіпсіз ұшып-қонуы үшін жасалып отырған шара, - дейді көлік министрлігінің өкілдері. Министрлік Бас көлік прокуратурасының және жергілікті атқарушы билік өкілдері, сондай-ақ әуежайлардың басшыларымен осы мәселені талқылап, өңірлік әкімдіктерге әуежай маңындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, аэродромға жақын участкелердегі құрылысты бақылауға алуды тапсырды. Ресми мәліметтерге сүйенсек Қазақстанда 20-дан астам әуежай жұмыс істеп тұр. Оның басым бөлігінде санитарлық аймақ сақталмаған. Мамандардың айтуынша, әуе апаттарының 40 проценті ұшақ көкке көтерілер шақта немесе қонарда болады. Сондықтан әуе айлағының маңында орта есеппен 3-4 шақырым ашық алаң болуы керек. Еске салайық, осындай олқылықтың салдарынан 2019 жылы Алматы маңында Bek Air ұшағы апатқа ұшыраған еді.
Мұхтарбек Тұрлыбеков, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ аға авиациялық инспекторы:
Ең күрделі мәселе сол Алматы мен Шымкент болып тұр. Өзіңіз білесіз алдында Шымкентте бір бағытты жабуға тура келді. Себебі ана үйлер ұшып-қону жолағының дәл маңында тұр. Ол жерде кедергіден бұрын санитарлық аймақ бар. Өзіңіз ойланып қараңызшы күнімен-түнімен ұшақ үстінен ұша берсе ертең қандай ауруға шалдығады ол. Соның бәрін зерттеу керек.
Қуан Нұрақын