11 сынып оқушысы жасанды интеллектті қазақша сөйлетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

11 сынып оқушысы жасанды интеллектті қазақша сөйлетті

27.01.2024

Қызылорда облысы, Сырдария ауданының 11 сынып оқушысы Асылжан Абдуллаев жасанды интеллектті алғаш болып қазақша сөйлетті. «QazaqGPT» деп атаған бағдарламасын бүгінде екі мыңнан аса адам қолданып үлгерген. Ауыл баласының ұшы-қиыры жоқ ғаламтор кеңістігіне жаңашылдық әкелгені көпті таңдандырып отыр. Асылжан жасанды интеллектті қазақыландыру үшін бағдарламаға 300 мыңнан аса қазақша сөз бен 220 миллиардтай ақпарат енгізген. Бүгінде оның бұл жобасына Американың ІТ саласындағы алпауыт компаниялар қызығушылық танытып, бірлесіп жұмыс істеуге қолқа салған.

Асылжан Абдуллаев, «QAZAQ-GPT» Жобасының авторы:

«Enactus» атты халықаралық ұйым бар. Оның ішінде Рэндел Брюнс деген америкалық азамат бар. Жақында бізбен танысып, жобаны өз ұйымына енгізу жайлы ұсыныс түскен болатын. Одан біз Лас-Вегаста өтетін GMS атты халықаралық форумға жолдама алуға тырысып жатырмыз. Себебі, бізде оған толық мүмкіндік бар.

Мектепті биыл тәмамдайтын жас технократқа қазірдің өзінде еліміздегі үш жоғары оқу орны грант ұсынып отыр. Ал сабағымен қатар ІТ саласын меңгеріп жүрген Асылжан қазақша жасанды интеллект жобасын жетілдіріп, смартфон бағдарламасына енгізбекші.

Асылжан Абдуллаев - «QAZAQ-GPT» Жобасының авторы:

Қазіргі таңда біз өз жобамызды телеграм атты бағдарламаға интеграцияладық. Бірақ, одан бөлек бізде бөлек бағдарлама жасауға жоспарлар бар. Яғни, шамамен алғанда наурыз айында ол да дайын боп қалады.

Жалпы өңірде Асылжан секілді ІТ жобалар әзірлеп жүрген жастар жетерлік. Былтыр облыстық цифрлық технология байқауына 2500-дей жоба ұсынылған. Осындай креативті индустрияға бет бұрған жастарға Сыр өңірінде терең ілім алуға да керемет мүмкіндік қарастырылып отыр.

Сәбит Ибадулла, цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы:

Корей елімен Қорқыт ата университеті бірлесіп, жасанды интеллект жоғары мектебін ашу, яғни Қазақстан бойынша бірінші рет Қызылордадан әрі қарай балаларды оқыту. Оларды оқыту үшін Корей елінен мамандар келеді.

Қазір жер бетінде технология дәуірі басталды. Заман ағымына қарай қазақ жастары да жасанды интеллект пен креативті индустрияны меңгеруге ынталы. Оларға тек мемлекет тарапынан қолдау керек.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу