Алматыдағы жер сілкінісі: Қабырғалары жарылған үй, үрейленген халық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы жер сілкінісі: Қабырғалары жарылған үй, үрейленген халық

28.01.2024

Сонымен Алматыда да қатты сезілген жер сілкінісіне орай бірінші пайым: атқарушы биліктің, төтенше жағдайлармен айналысатын құзыретті органның жұртпен бірге абдырап қалғаны. Осындай сәтте мынадай сауалдар туады: сейсмикалық аймақтың атқамінерлері жер сілкінісіне орай ғылыми болжамдар мен есептерді қарап отыра ма – бұл бірінші сұрақ. Екінші сұрақ: бетін ары қылсын дегенмен, апат болса басталатын іс-әрекет алгоритмі қандай? Мынадан кейін мынау, анадан кейін анау дейтін. Штаб қанша уақытта құрылады? Ал жалпы, сауал көп: уақытша паналайтын пункттер жеткілікті ме және олардың қайда орналасқанын жұрт біле ме? Әсіресе сейсмикалық аймақта тұратын азаматтарға не істеу керегін түсіндіру қалай іске асады? Логикаға салсақ, оқу-жаттығудан бөлек, жұрттың мән беруі үшін түрлі тәсіл қолдану керек, ал мектептерде қайта-қайта арнайы сағат арнау айтпаса да түсінікті сияқты. Бірақ Президент тоқталғандай 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың түк пайдасы болмағанын ескерсек, бұл ойнауға болмайтын дүние екенін түсінген пайымды байқамайсың. Әшейінде кез-келген мәселеге орай «оларда ондай пайым жоқ ғой, жоқ» дейтін жұртшылықтың «өзіңе сен» принципін ұмытып кететіні де ойландырады. «Өзіңе сен» дегенде апат жағдайында барынша салқынқандылықпен әрекет ету, әлгі «дабыл қоржынын» жинап қою – осы ережелерді сақтау туралы айтып тұрмыз. Ал онсыз да үрейленіп тұрған жұртты шошытып, жалған ақпарат таратқандарды жазалау керек. 

Ал үйлер сейсмикалық аймақ екені ескеріліп салынып жатыр ма? Бұл енді сұрақтың сұрағы. 

Киініп үлгермей, гәлөш-сланцымен шыққандар бейнеленген фото-видео шын мәнінде күлетін көрініс емес. Қуан Нұрақынның материалы. 


Нұрсамал Каналбекқызы, Қонаев қаласының тұрғыны:

Олай тарап кетеді деп ойлаған жоқпын. Бірақ жолдасыма сол нәрсе анасының суреті қатты ыстық болғаны менің жүрегімді ауыртты. Бастапқы кезде өзім бір жылап алдым. Ол суретті көрген кезде.

Бұл видео әлеуметтік желіде 200 мыңға жуық қаралым жинап, талайдың жүрегін елжіретті. Жер сілкінісі болған түні ерлі-зайыпты Рүстем мен Нұрсамал үйде болған. Дүмпу басталғанда отағасы сөмкеге ең қажетті заттарын салып, алты айлық сәбиін алып далаға қашқан. 19 жыл бұрын қайтыс болған анасының да суретін ұмытпапты.

Рүстем Ерболұлы, Қонаев қаласының тұрғыны:

Анамнан ерте жастан айырылғаннан кейін суреттері аз. Осы суретті үлкен болмаса да өзіме алып қалғым келді. Жұбайымның, баланың суреті болды. Бірақ біз олармен әлі де түсе аламыз ғой. Ал ананың суретін біз қайтадан таба алмаймыз. Өзімде болғаны дұрыс болды. Сосын осыны салып алдым.

22 қаңтардан 23-іне ауған түні ел шырт ұйқыда жатқан. Ертесі жұмыс күні. Сағат түнгі 12-ден 9 минут өткенде жер тербеліп, тұрғындардың зәре-құтын қашырды. 5 балдық дүпмуден үй шайқалып, ыдыс-аяқ сылдырлап, жиһаз қозғалып, аспалы шамдар теңселгенін көрген жұрт далаға өре түрегелді.

Әсіресе, көп қабатты үйдің тұрғындары алғашқы минутта-ақ түгелдей далаға шығып алды. Үрейге бой алдырған үш адам 2-ші жәнен 3-ші қабаттан секіріп кеткен. Аязды күні тысқа сырт киімсіз, тіпті жалаңаш шығып алғандар да болды. Кейбірі жалаңаяқ жүрді.

Көп ұзамай қалада дүрбелең орын алып, бас сауғалағандар қала сыртына, ауылдарға ағылды. Көшелерде үлкен кептеліс пайда болды. Полицияның мәліметінше, сол түні 19 мың көлік Алматыдан шығып кеткен. Себебі, тағы да күшті дүмпу болуы мүмкін деген ақпарат әлеуметтік желіде желдей есті. Бірі туыстарының үйін паналаса, бірі көлігінде таңды атырды. Кейбірі аулада от жағып жылынды.

Кей тұрғындар дүмпуден кейін екі сағат өткенде хабарлама алған. Мектеп, балабақшаларда паналау орны барын кеш білген. 384 орталықта 11 мың адам түнеп шыққан.

Мегаполистегі қуаты 5 балдық соңғы жер сілкінісінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысынан 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында тіркелді. Дүмпу Алматыдан бөлек Астана қаласында, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында сезілді.

Осыған дейін айтылғандай, ескерту жүйесіне бөлінген 1,1 млрд теңге қаржының «жыры» бірінші жырланды.

Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

Бұл осы системаның негізі қазіргі уақытта жасап тұруы, одан кейін қанша қаражат жұмсалғанын, соның бәрін анықтау үшін керек. Материалдарға тексеру жүргізу үшін уәкілетті органға жіберілді.

Нұрсәрсен Өзбеков, ҚР ТЖМ Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары:

Қазіргі болған жер сілкінісі тағы да қайталап айтамын, ол Қазақстан территориясында соның ішінде Алматы өңірінде болған жоқ.

Осы саланың білікті мамандары зілзала туралы кемі 10-15 секунд бұрын ескерту үшін эпицентрдің қай жерде болғаны маңызды емес дейді. Себебі, апаттың алдын-алу мақсатында көрші елдермен жасалған келісім бар. Ал, жалпы қазір жер сілкінісін ертерек анықтауға ғылымның өзі қауқарсыз дейді.

Әлқуат Нұрмағамбетов, ҚР Ұлттық ғылым академиясы сейсмология институтының негізін қалаушы, профессор:

Бүкіл әлемдегі сейсмикалық станциялар бір-бірімен байланыста, интернетте осының бәрі бар қазір. Қай станция қай жерде, қандай жағдайда жұмыс істеп жатыр деген сияқты. Бұған мемлекетаралық келісімшарттың керегі жоқ.

Қуан Нұрақын, тілші:

Тарихқа шегініс жасасақ, Алматызілзаладан екі рет қирап, қайта тұрғызылды. 1887 және 1910 жылдары екі жойқын жер сілкінісі тіркелді. 9 балдық дүмпудің алғашқысында 332 адам көз жұмса, екіншісінде 44 адам қаза тапты. Ал қираған ғимараттарда есеп болмады. Дүмпуден кейін қала құрылысы тек ағаштан салына бастады. Осылайша таза ағаштан мынандай ғимараттар бой көтерді. Бұл нысан қазір мемлекет қорғауындағы ескерткіштер тізімінде.

Қазір құрылыс материалдарының сан түрі қолданылады. Сапасыз пәтерге көңілі толмаған қала тұрғындары әкімдікке жиі шағымданады. Жыл сайын іркес-тіркес салынған биік ғимараттардың саны артуда. Кей нысандар жер сілкінбей-ақ қисайып жатыр.

Алты күн бұрынғы жер сілкінісінен кейін Алматы әкімдігі сатып алуға болмайтын тұрғын үй кешендерінің тізімін жаңартты.Тізімде 45 тұрғын үй көрсетілген. Алайда «құжаты толық емес» дегеннен өзге себебін тарқатып айтпаған. Ал,«Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының мамандары шаһардың таулы аймағында 3 қабаттан биік үй тұрғызуға болмайды дейді. Ал, қаланың ортасында 5 қабаттан артық нысан салынбауы керек.

Жанат Айтілеу, «Алматыбасжоспар» ЖШС ҒЗИ Бөлім басшысы:

Әл-Фараби мен Абай даңғылының аралығындағы 9 қабатты үй салуға болмайды, ал енді тарихи орталыққа келетін болсақ ол жерде негізінен 5 қабатты үйлер, ал енді райымбек даңғылынан төмен жағына келетін болсақ о жердегі жер қыртысы өте осал. Сондықтан ол жердегі аумаққа 3-5 қабатты үйлер салуға болады. Оның өзінде КазНИИСА мекемесінің техникалық есептеу жұмыстары жүргіліп барып беріледі.

Иә, маман айтқандай тіпті 5 қабатты ғимарат салудың өзіне қатаң талап қойылуы тиіс. Алайда құрылыс компаниялары биік тұрғын үй салуға рұқсатты оңай алады. Соңғы 15-20 жылда салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің басым бөлігі 9 қабаттан тұрады. Ары қарай, 12,14,16,22 деп кете береді. Мамандар кеңес одағы құлағанша тиктоникалық жарылымдарға еш ғимарат салынбағанын айтады. Ол кезде Алматыда 6-7 жарылым болған. Қазір олардың саны 20-дан асады.

Әлқуат Нұрмағамбетов, ҚР Ұлттық ғылым академиясы сейсмология институтының негізін қалаушы, профессор:

Жарылым деген не ол? Жарылым деген екі блоктың шекарасы, егер сілкініс болған жағдайда алдымен шекара ығысады, тұрған үйлер қақ бөлінеді немесе қирайды. Сондықтан жарылымға үй салуға болмайды, мүмкін емес. Заңмен тоқтатылуы керек ондай нәрсе.

Қуан Нұрақын, тілші:

Жер сілкінісінен кейін 70-ке жуық адам медициналық көмекке жүгінген. Оның 10-ы бала. Қазір үш ересек тұрғын мен төрт бала ауруханада жатыр. Қалғаны ем қабылдаған соң үйлеріне жіберілген. Дәрігерлер мына ғимараттың үшінші қабатынан секіріп кеткен бір науқастың жағдайы әлі ауыр дейді.

Алматы облысында зілзала салдарынан 44 әлеуметтік нысанға зақым келді. Қазір барлығы қалыпты жұмыс істеп тұр. Ары қарай комиссия рұқсат берсе жұмысын жалғастырады.

Ал Алматыда бүлінген ғимараттар әлі анықталып жатыр. Толық бағаны арнайы комиссия көп күттірмей жариялаймыз деп отыр.Прокуратура жер сілкінісі туралы жалған ақпарат таратқаны үшін екі азаматты жауапқа тартқан. Оларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған. Құзырлы орган бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын айтады. Ал, тұрғындар болса билік те, халық та мұндай төтенше жағдайға дайын болмай

Рүстем мен Нұрсамалдың отау құрғанына екі жыл болған. Екеуі де мектепте мұғалім. Нұрсамал қазір бала күтімімен үйде отыр. Түсірген видеосы кең тараған соң енесінің бірге оқыған таныстары шығып, басқа да суреттерін жеткізіп беретіндерін айтқан. Өйткені, Рүстемнің қолында анасының бар-жоғы екі-ақ суреті қалған. Ерлі-зайыптылар бұл жер сілкінісі үлкен сабақ болғанын айтады. Тіпті, дабыл сөмкесінің маңызын түсінген.

Рүстем Ерболұлы, Қонаев қаласының тұрғыны:

Ең бірінші дабыл сөмкесі болу керек. Жылы киімдер, аяқ киім дайын тұруы керек екен. Мұндай жағдайға адамды алдын-ала айтпайды ғой. Ертең мына уақытта болады деген сияқты. Дайын тұрса, құдай сақтасын, төтенше жағдай болған кезде сол затты алып шығып, өміріңді, бала-шағаңды сақтап қалатын заттар керек.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу