Қарағанды облысының прокурорлары іс жүзінде ешкімнің балансында жоқ 40 шақырым жолды жөндеуге бөлінген конкурстың күшін жойды. Ақтоғай ауданының экономика және қаржы бөлімі бұл жұмысқа 328 млн теңге қаражат бөлінетінін жариялаған. Жергілікті билік болса қазір Ақжарық-Аппаз дала жолын балансқа алу бойынша құжаттар рәсімделіп жатқанын айтады. Бұл Ақтоғай тұрғындарының Қарқаралыға баруы үшін бұрынғыдай 500 шақырым жол жүрмей, төтелеп 40 шақырым жолмен жетуіне мүмкіндік береді. Сондықтан жергілікті билік пен халық бұл жол жөнделуі тиіс деп есептейді.
Ерлан Түсіпов, облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:
Жолдың бұл учаскесінде жергілікті және облыстық деңгейдегі құзіретті орган балансында жоқ екені анықталды. Қолданыстағы нормаларды бұза отырып, Ақтоғай ауданы экономика бөлімі құрылыс жобалық сметалық құжаттама жоқ тас жол салуға әрекеттенген. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша бұл конкурс жойылды.
Руслан Нұрланұлы