Қарағанды облысында 328 млн теңгеге бағаланған жоба заңсыз деп танылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 328 млн теңгеге бағаланған жоба заңсыз деп танылды

29.01.2024

Қарағанды облысының Ақтоғай және Қарқаралы аудандарының арасын жалғайтын Ақжар-Аппаз дала жолына ағымдағы жөндеу жүргізу халық сұранысынан соң туындап отыр. Бүгін аудан әкімдігі осындай мәлімдеме жасады. Ал облыс прокурорлары болса іс жүзінде ешкімнің балансында жоқ 40 шақырым жолды жөндеуге бөлінген конкурстың күшін жойды. Ақтоғай ауданының экономика және қаржы бөлімі бұл жұмысқа 328 млн.теңге қаражат бөлінетінін жариялаған.

Ерлан Түсіпов, облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:

Жолдың бұл учаскесінде жергілікті және облыстық деңгейдегі құзіретті орган балансында жоқ екені анықталды. Қолданыстағы нормаларды бұза отырып, Ақтоғай ауданы экономика бөлімі құрылыс жобалық сметалық құжаттама жоқ тас жол салуға әрекеттенген. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша бұл конкурс жойылды.

Жергілікті билік болса қазір «Ақжарық-Аппаз» дала жолын балансқа алу бойынша құжаттар рәсімделіп, түзетулер енгізіліп жатқанын айтады. Бұл Ақтоғай тұрғындарының Қарқаралыға баруы үшін бұрынғыдай 500 шақырым жол жүрмей, төтелеп 40 шақырым жолмен жетуіне мүмкіндік береді. Жаз мезгілінде бұл жолды 40 мыңға жуық адам пайдаланады. Сондықтан жергілікті билік пен халық оны жөнделу қажет деп есептейді.

Ардагер Қапашев, Ақтоғай ауданы ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Жобалық-сметалық құжаттама, техникалық-экономикалық негіздеме және құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін миллиардтаған қаражат қажет болғандықтан ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу шешіліп, жаңа материалды қоса отырып жолды қыру және тегістеу жұмыстары жоспарланып, 8 учаскеег құбыр орнату жоспарланған болатын. Бүгінгі күні ақпан айының соңынеа дейін аталған жолдың құжаттары толығымен аяқталып, көктем мезгілінде жұмыстарды бастау жоспарланып отыр.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу