Астанада терроризм туралы жалған ақпарат таратқан 9 сынып оқушысына қатысты тергеу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада терроризм туралы жалған ақпарат таратқан 9 сынып оқушысына қатысты тергеу басталды

29.01.2024

Астанада терроризм туралы жалған ақпарат таратқан 9-сынып оқушысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Астана қаласының полиция департаменті хабарлады. Үзіліс кезінде 14 жастағы оқушы сыныптастарына заңсыз әрекетке шақыратын парақша таратқан. Оқиға жөнінде тәртіп сақшыларына оның мұғалімі хабарлаған. Қазір кәмелетке толмаған баланың анасы айыппұл арқалады.

Ал Атырауда жалған ақпарат таратып мектепті дүрліктірген күдікті әлі іздестіріліп жатыр.

Екі күн бұрын Ақтөбе мен Атырауда «төрт мектепке шабуыл жасап, оқушыларды жаппай атамыз» деген ақпарат тарады. Дәл сол күні Ақтөбеде 50 мыңға жуық оқушы сабаққа бармай қойған. Елді дүрліктірген күдікті бірден табылды. Полицияның мәліметінше, ол жақын шетелдің бірінде тұратын 18-дегі азамат. Ал атыраулық ата-аналар жалған ақпаратқа сенбей, балаларын мектепке жіберген. Бірақ күдікті әлі табылмай жатыр. Десек те, қазір екі облыстағы білім ошақтарында бақылау күшейді.

Айнагүл Дүйсекенова, Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы:

Атырау қаласында 65-ші орта мектепте және екі Бином мектептерінде сабақ штатты режимде өтіп жатыр. Жалпы білім беру ошақтарында қауіпсіздік және алдын-алу шаралары үнемі бізде тұрақты бақылауда. Сондықтан да біз бақылауда ұстап отырмыз. Мектеп әкімшілігі қандай да бір жағдай болғанда ескерту жұмыстарын жүргізеді, барлық ақпаратты ата-аналарға беріп отырмыз.

Ал Семейде теракт туралы әзілдегені үшін екі оқушының ата-анасына айыппұл салынды. 14 жастағы жасөспірімдер полицияға телефон соғып, оқу орынын лаңкестер басып алды деп хабарлаған.

Айдана Қозыбаева,  Абай облысы ПД Ішкі коммуникациялар басқармасының медиа-аналитика тобының аға инспекторы:

Оқиға орнына дереу арнайы қызметтер мен жақын маңдағы полиция экипаждары жіберілді. Қоңырау расталмады. Кәмелетке толмағанда бұл кәнәсін мойындап оқу сабақтарын бұзу үшін бұзақылық ниетпен әрекет жасағандарын түсіндірді.

Естеріңізге салайық, Қазақстанда терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқандарға 18 460 000 айыппұл салынады. Сондай-ақ, түзеу жұмыстары тағайындалып, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. 

Жалған ақпарат таратқан 14 жастан асқан оқушылар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал хабарламаның кесірінен келтірілген шығынды өтеу ата-анасына жүктеледі.

Алмас Талқанбаев, ҚР ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығының орынбасары:

Соңғы 3 жылда осындай жалған хабарламалар үшін 115 адам, олардың ішінде 15 кәмелетке толмаған сотталды. Кәмелетке толмағандар мұндай қылмысқа достардың арасында өздерін батыр екенін дәлелдеу үшін, үй тапсырмасын орындамай, сабаққа қатыспау үшін жасайды. Қоңырау шалған адамдар дауысын қанша өзгертсе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, ол бәрібір табылады. 90 пайыздан астамы осы қылмыстардың ізі суымай, кезекшілік тәулікте ашылады.

ІІМ дерегенше бір реттік жалған шақыртуға 300 мың теңге шығын жұмсалады. Одан бөлек, тұрғындар үрей құшағында қалып, ал ірі сауда орындары миллиондаған қаржыдан айырылады. 

Айта кетейік, осы күнге дейін «ғимаратта жарылғыш зат бар» деген хабарламаның барлығы жалған болып шыққан.


Тәуірбек Бозекен

Хабарламаларға жазылу