Оралдағы дәмханада болған жарылыс: Тергеу жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралдағы дәмханада болған жарылыс: Тергеу жалғасып жатыр

30.01.2024

Қаңтардың 4-і күні Оралдағы "Ризық" дәмханасында болған жарылыс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қайғылы оқиғадан үш адам қаза тауып, алтауы жараланған еді. Зардап шеккендер бір айға жуық ауруханада емделіп шықты. Кейбірі шетелде емін жалғастырып жатыр. Ардақ Мұратқызы рет-ретімен.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Қайғылы оқиға қаңтардың 4-і күні түнгі сағат 2-лер шамасында осы аумақта болған еді. Әуелі газ қоспасы жарылып, екі қабатты ғимараттың оң жақ қабырғасы мен төбесі опырылып ортасына түсті. Кейін өрт шықты. Қазір дәмхананың орны үйіндіге айналған.
Құтқарушылар қирандының астынан үш адамның денесін алып шықты. Аман қалған 6 адамның бірі - сол күні жұмыстан кейін досымен бірге ас ішуге бас сұққан - Бегайдар Акташев. Ол зардап шеккен тағы 4 адаммен бірге бір айдай ауруханада жатты. Қазір ауылында.

Бегайдар Акташев, оқиға куәгері, қаратөбе ауылының тұрғыны:

Мен отырған жерден тастөбеден құлады от деген. Сосын қолыма телефонымды ұстадым да, орнымнан тұрып, "э досым, тұр, мынау не то" деп айтып болғанша, бір уақытта от менің бетімнен төмен қарай құйылды да жарылды. Ғимараттың төбесі ортасына түсті. Досым сол кезде орнынан тұрмай қалған. Білмеймін, бірдеңеге алаңдады ма? Көзімді ашсам, тастай қараңғы. Өрт. Адамдардың даусы, әсіресе, қыз балдардың даусы, "көмектесіңдер" деп шыңғырып жатқан. Өлдім деп ойладым.
Бірақ Бегайдардың көрер жарығы бар екен. Денесін күйік шалса да, аман қалды. Жарылыстың күшті болғаны соншалық - дәмханаға тиіп тұрған бес қабатты тұрғын үйдің терезесі сынып, есігі бүлінді. Төрт пәтер және дүкен мен кеңсенің мүлкіне залал келді.

Махамбет Қабдолов, дүкен иесі, кәсіпкер:

Жарылыс салдарынан дүкеніміз зардап шекті. Бірақ қазір застройщик өзі мойнына алып, ущербті өтеді. Тереземізді салып берді, есіктерді қайта орналастырды.
Оқыс оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр. Дәмхананы жалға алған кәсіпкер екі айға қамалды. Прокурор оған өрт қауіпсіздігін сақтамай, қайғылы жағдайға жол берді деп айып тағып отыр.

 Әлішер Рафих, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бөлімінің аға анықтаушысы:

Тағайындалған сараптамалар бойынша қорытындылар бүгінгі күнге дайын емес. ҚР Қылмыстық-процесуалдық кодексінің 197-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі екі ай. Оқиға кезінде газ ауа қоспасының жарылысы орын алды. Ал нақты өрттің, жарылыстың себебі сарапшылардың қорытындысына сәйкес белгілі болады.
Жарылыс пен өрттің болжам бойынша газ баллонынан ба, әлде құрылыс материалынан ба, нақты неден болғаны әзірге белгісіз. Үш адамның өмірін жалмап, алты адамға ауыр жарақат салған оқиғаға кімнің кінәлі екенін енді сот шешеді.


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу