Ұлттық қордан 6,9 млн баланың шотына 100,5 доллардан түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық қордан 6,9 млн баланың шотына 100,5 доллардан түсті

01.02.2024
Ұлттық қордан 6,9 млн баланың шотына 100,5 доллардан түсті

Ұлттық қор балаларға бағдарламасына қатысты сұрақтарға жауап іздегендер де бар. Әсіресе жұртты төлем ай сайын, әлде жыл сайын түсе ме деген сауал мазалайды. Тіпті, алғашқы төлемді алмай қалған балалар болуы мүмкін. Қордан ақша түспесе, ата-аналарға не істеу керек? Жауабын тілшіміз айтсын.

Әсем - көпбалалы ана. Жолдасымен бірге үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Барлығы кәмілет жасына толмаған. Сондықтан Ұлттық қор - балаларға бағдарламасы бойынша 5 перзентіне 500 доллардан астам ақша түсті. Айтуынша бұл ата-анаға әжептәуір көмек.

Әсем Рысбекқызы, Астана қаласының тұрғыны:

Жалпы жақса бастамаға қуануымыз керек қой. 100 доллар болсын, 200 доллар болсын. Жалпы болашақта біздің экономикамыз күшейген сайын мемлекетіміздің әл-ауқаты күшейген сайын мен ойлаймын мүмкін тағы да өседі де, оқуын толық төлегенге де жетіп қалар. Мүмкін үй алуға да жетіп қалады. Өзім соған сенемін бір орында тұрады деп ойламаймын. Дамып жатырмыз, өсіп жатырмыз.
Осылай ел бойынша Ұлттық қордан 6 919 131 балаға 100 доллар 52 центтен түсті. Оны ата-аналар kids.enpf.kz сайтына өтіп, баланың жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу арқылы тексере алады. Бұл ақшаны ұл-қыздар кәмілет жасына толған соң, білім алуға немесе үй сатып алуға жұмсай алады. Десе де, қордан алғашқы төлемін алған 305 мың бала биыл 18-ге толады. 100 долларды олар қайда жұмсамақ?

Дәурен Темірбеков, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:

100 доллар алған бала «Отбасы банкі» арқылы депозит ашып, соған салып қоюына болады. Сондай-ақ «Бонус» деген бағдарлама бар, соған да жинақтай алады. Өзінің қосымша жинаған қаражаты болса, соны қосып жұмсауына мүмкіндігі бар. Яғни қанша ақша түссе де тұрғын үй мен білім алуына жұмсауы керек. Негізі бұл бағдарламаның толық тиімділігін 18 жыл бойы ақша алатын балалар көре алады.
ҚОРДАН АҚША ТҮСПЕСЕ, АТА-АНАЛАРҒА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Ал егер балаларына Ұлттық қордан ақша түспесе, ата-аналарға не істеу керек? Бағдарлама операторы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры. Олар таратқан хабарламаға сәйкес, 18-ге толмаған балалар жайлы мәлімет мемлекеттік базадан алынады және төлем оларға автоматты түрде тағайындалып, түсті. Ал егер базада жоқ болса, алаңдауға негіз жоқ.

Мұндай жағдайда ата-ана баласының мәліметтерін, аты-жөнін, туған күні мен жеке сәйкестендіру нөмірінде қате бар ма соны тексеріп, егов порталында балаңыз ретінде тіркелген бе соны қарау керек. Егер қате болса, халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну қажет. Азаматтығы дұрыс жазылмаса,, миграциялық полицияға жүгінген дұрыс.

100,5 ДОЛЛАР ҚҰР ТҰРМАЙ, ИНВЕСТИЦИЯЛАНАДЫ

Тағы бір маңызды жайт. Ақша Ұлттық қордан ай сайын емес, жыл сайын түседі. Мамандардың есебіне сәйкес, жаңа туған бала 18-ге толғанша шотта шамамен 3,5 мың доллар жиналмақ.

Досжан Маратұлы, тілші:

Бірақ мынаны түсіну маңызды. Бұл тек алдын ала есептеулер. Өйткені төлемдер жыл сайын Ұлттық қор активтерінің өсуі мен инвестициялық табыстың артуына байланысты ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, шотқа түскен 100 доллар да құр тұрмайды. Инвестициялануын жалғастырып, біртіндеп көбейе береді. Сондықтан айтылғандай 3,5 мың доллар емес, одан көп жиналуы да мүмкін.

Хабарламаларға жазылу