Түркияда жер сілкінісінен толық қираған қала қайта салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда жер сілкінісінен толық қираған қала қайта салынды

01.02.2024

Түркияда болған алапат жер сілкінісінен кейін бір жылға жуық уақыт өтті. Зілзала кесірінен қирап қалған ондаған қала мен жүздеген ауылды қайта қалпына келтіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Солардың бірі Газиантеп облысына қарасты Нұрдағы қаласы. Біздің Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы жер сілкінген аймақтың бір жылдан кейінгі тыныс тіршілігімен танысу үшін сол өңірге барған еді. Қазір бізбен тікелей байланысқа шығып тұр. Айдос эфирдесіз

 Айдос Әшімұлы тілші:

Дәл қазір біз Нұрдағы қаласында тұрмыз. Былтырғы алапат жер сілкінісі кезінде бұл қаланың 90 пайызы қирап қалған болатын. Осы жерден былтыр хабар таратуға келгенде бірде бір ғимараттың сау қалмағанын өз көзімізбен көрген едік. Қаланы толық қалпына келтіру мүмкін болмағандықтан ел билігі Нұрдағы қаласын басқа жерден толықтай жаңадан салып шығу туралы шешім қабылдады. Бүгінде бұл жер адам танымастай өзгерген. Қалада тұрғын үйлер мен мектептер, ауруханалар мен жұмыс орындары салынған. Бұл мақсатқа жергілікті және республикалық бюджеттен ... млрд лира бөлінген. Дәл осы Нұрдағы қаласында былтыр қазақстандық құтқарушылар жұмыс істеп, бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындарын құтқарған болатын. 7 қабатты бір үйдің қирандылары астынан 3 адамды тірі алып шығып, алғыстарын алған еді. Жергілікті халық біздің құтқарушылардың еңбектерін әлі де ұмытпаған, алғыстарын айтып отыр.

Ергун Кылыч Нұрдағы қаласының тұрғыны:

Былтыр Қазақстаннан келген құтқарушылардың қалай жұмыс істегенін көрдім. қиын күндерде біздің жанымызда болды. Достар қиын күнде белгілі болады ғой. Сондықтан мен Азиядағы барлық мемлекеттерді, оның ішінде Қаазақстанды өзіміздің ең жақын досымыз деп санаймын. Сіздердің жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз.

Жалпы жер сілкінісінен кейінгі бір жыл ішінде бұл өңірде талай жұмыс атқарылған. Үйлері қирап көшіп кеткен тұрғындардың біразы қайта оралған. Әлі де құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін 307 мың ғимараттың құрылысы біткен немесе бітуге таяу. Дегенмен ел билігі жер сілкінісінің салдарын жою жұмыстары әлі кемінде екі жыл жалғасады деген болжам айтып отыр. Себебі зілзаладан келген зақым орасан.


Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу