Оңтүстік Кореядағы дүбірлі дода өз мәресіне жетті. Астана уақыты бойынша кешкі бесте өткен салтанатты жабылу рәсіміне қазақстандық атлеттер де қатысты.
Алғаш рет Азия құрлығында өткен ІV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы еліміз үшін нәтижелі өтті. Жалпы жүлде кестесінде Қазақстан өз тарихындағы ең жоғарғы 20-орынға табан тіреді. Канвон төрінде алғашқылардың бірі болып өнер көрсеткен шаңғышы Илья Мизерных қоржынымызға алғашқы алтын салды. Сондай-ақ айтулы додада «үш те үш» форматында бірінші рет ел намысын қорғаған хоккейшілеріміз тартысты ойын көрсетіп, қолаға қол жеткізді. Шорт-трекші Полина Омельчук та жүлделі болып, көк туымызды тағы бір желбіретті.