Түркияда жер сілкінісінің зардаптарын жою әлі жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда жер сілкінісінің зардаптарын жою әлі жалғасып жатыр

02.02.2024

Былтыр Түркияда болған жер сілкінісінен толықтай қираған Нұрдағы қаласында апаттың зардабын жою жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Халықтың басым бөлігі бір жылдан бері контейнер үйлерде тұрып келеді. 40 мың адам тұратын қаладан жер сілкінісінен соң халықтың жартысы көшіп кеткен. Биыл жаңа үйлер салынып, олардың барлығы дерлік кері оралған.

Нұрдағы қаласында тұратын Бозгейіктер отбасының былтырғы жер сілкінісі кезінде үйлері құлаған. Өздері аман болғанымен 70-тен аса туған туыстары зілзала кезінде көз жұмыпты. Сол күндерді еске алсақ әлі де қабырғамыз қайысады дейді. Көңілге медеу болатыны бір жыл тұрған контейнер қалашықтан жақында жаңа үйге көшеді.

Жевдет Бозгейік, Нұрдағы қаласының тұрғыны:

Дәл қазір уақытша қиындықтар болып тұр. Дегенмен бұның бәрі өткінші. Әйтеуір мал-мүліктен айырылсақ та, жанымыз аман шықты. Мемлекетіміз далада қалдырған жоқ. Барынша жағдайымызды жасап отыр.

Айсен Бозгейік, Нұрдағы қаласының тұрғыны:

Жақында жаңа үйімізге көшеміз. Соған қуаныштымыз. Қиын күндерде әлемнің әр түкпірінен қолдау көрсеткен барлық адамдарға алғысым шексіз. Қазақстаннан біздің қалаға келіп көмектескен құтқарушыларға да ризашылығымды білдіремін.

Мыңдаған тұрғын күтіп жүрген жаңа үйлер осы. Нұрдағы қаласына қарасты Ислахие кентінде орналасқан. Мұнда адам жанына керектің бәрі бар. Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерді әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар тегін алады. Сондай-ақ бөліп төлеу арқылы немесе жеңілдетілген несиеге алуға да болады.

Мехмет Сойлу, Ислахие кентінің әкімі:

Бұл дайын үйлерге келесі аптада алғашқы тұрғындар қоныстана бастайды. Дәл осындай 4500 көпқабатты үй бар. Одан бөлек 630 жер үй де салынып бітті. Осылайша бір жыл ішінде жаңа қала салып шықтық деуге болады.

Түркияның оңтүстік шығысындағы 11 облысты шарпыған алапат зілзала кезінде барлығы 676 мың тұрғын үй мен 115 мың өзге ғимарат қирады. Қазір бұл аймақта 307 мың тұрғын үйдің құрылысы тәмәмдалған.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу