Атырау қаласының маңындағы Талғайраң елдімекенінде құрылыс жұмыстары бір жыл бұрын тоқтаған жеті тұрғын үй әлі бітпей тұр. Ауласы сол күйі жайрап, бәрі ашық-шашық жатыр. Бюджеттің қыруар қаржысына сатып алынған материалдар да сол күйі қалған. Толығырақ тілші тарқатады.
Жаңа үйді сарылып күтіп отырғандардың бірі - Торғын Қарақұлова. Жалғызбасты ана 10 жыл бұрын үй кезегіне тұрған. Қазір 6 баласымен жалдамалы баспанада жан бағып отыр.
Торғын Қарақұлова, қала тұрғыны:
Тұрғын үйлер қолданысқа беріліп жатқан жоқ. Сол себепті кезек жылжымай отыр. Көбісі ипотеканың адамдары алып кетіп жатыр.
Талқайраң елді мекеніндегі көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы 2019 жылы басталған. Мемлекеттік бюджет есебінен 24 үй салынып жатыр. Алғашында жұмыстар қарқынды жүргенімен, кейін мердігер компанияның жауапсыздығынан құрылыс тоқтаған. Қазір әкімдік компаниямен соттасып жатыр.
Тілек Махуов, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
Шарт бойынша олар кешегі 2023 жылдың қазан айында бітіруі керек еді. Соны уақытында бітірмегесін сотқа бердік, олар қарсы сотқа бердік. Сөйтіп олар қазіргі таңда соттан ұтылып отыр.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, құрылысы тоқтаған 7 тұрғын үйдің сондай-ақ, су құбыры мен кәріз желісінің құрылыс барысына мониторинг жасады. Қалалық әкімдік «Тараз Құрылыс Инвест» компаниясымен 13,6 млрд теңгеге шарт жасаған. Осы кезге дейін оның тек 3,6 млрд теңгесі ғана игерілген.
Нұрлан Жахин, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары:
Мердігер компания ұтып алғаннан кейін түрлі мәселелер болды. Оның ішінде пандемия бар. Содан кейін көптеген құрылыс материалдарының кейбіреуі қымбаттады. Оның екінші жағы бар, кәсіпкерлердің өздерінің жұмысына немқұрайлы, тиімсіз қарағандығының себебі.
Басында тек жылу құбырларын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Табиғи газ бен электр желілері келіп тұр.
Талап Халидуллин, жылу жүргізу мекемесінің прорабы:
Мына құрылысқа қатысымыз жоқ. Біздер тек жылу жүргізетін мекемеміз. Өзіміздің міндеттеріміз бар. Сол бойынша жасап жатырмыз, уақытымен кешікпей келе жатырмыз.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Жалпы қала бойынша тұрғын үй кезегінде 22 мыңға жуық азамат бар. Талқайраң елдімекеніндегі бұл құрылыс жұмыстары аяқталатын болса 1400-ден аса отбасы үйлі болмақ.
Нұрсұлтан Нұрсейіт